Саясат

Түркістан: «Жібек жолы» кеден бекетінің маңын реттеу жолдары қаралды

Қазақ-өзбек шекарасының маңындағы жылдар бойы жалғасып келе жатқан «жабайы» саудаға тосқауыл қойылуы тиіс.

Маңызды мәселеге нүкте қою үшін Сарығаш ауданынағы «Жібек жолы» кеден бекетінің айналасы толық реттеледі. Жаңа полиция бекеті ашылады. Бұл жерде заманауи терминал салу жолдары қарастырылуда. Осы аумақтағы барлық сауда нүктелері сонда орналастырылады.

Осы мақсатта Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарығаш ауданына келіп, кеден бекеті маңындағы жағдайды бақылады. Сауда орталықтарының иелерімен жүздесіп, оларға мәселені кеңесе отырып, заңды шешу жолдарын көрсетті.

– Сарыағаш ауданының әлеуеті жоғары. Шекараның мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Қызмет көрсету орындарын жүйелеп, ретке келтіру керек. Кәсіпкерлікті заңдастыру маңызды, – деген Дархан Сатыбалды барлық құзырлы орган басшыларының қатысуымен өңірлік жедел штабының көшпелі отырысын өткізді. Онда заңсыз сауданы тоқтатып, шекара аймағын тәртіпке келтіруді күшейту мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды. Штаб отырысында шекара маңын бірнеше ірі кәсіпкер меншіктеп алғаны ашық айтылды.

Маңызды мәселенің түйінін тарқатпақ болғандар бұл күресті жан-жақты жүргізуге келісті.

Жедел штаб отырысында заңсыз құрылыстың жолын кесіп, шекара аймағындағы шетел валютасын заңсыз айырбастауды реттеу, контрабанда мен өзге де қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау және осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ құзырлы орган басшылары мұндағы заңсыз тауар айналымы мен заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес жайлы да мәлімдеді. Бұл аймақта 4 айда 1700 қылмыс тіркелген.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздікті сақтау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді.

– Шекараның өткізу мүмкіндігі шектеулі. Ал, құрылыс саны артып, толассыз кептеліс кедергі келтіруде. Маңызды аймақта заңсыз кәсіпкерлік нысандары қаптап кеткен. Біздің басты мақсатымыз – шекара аймағында тәртіп орнату. Заңсыздыққа жол бермеу. Қауіпсіздікті, тазалықты сақтау. Әрине кәсіпкерлерді қолдап, оларға жұмыс істеуге жағдай жасау керек. Тек заңды жолмен. Жаппай заңсыздықтың жолын кесу жолында талай тосқауыл болары сөзсіз. Бірақ біз алған бетімізден қайтпаймыз. Заңсыз құрылыстар бұзылады. Ақша айырбастайтындар лицензия алып, тек заңға сәйкес жұмыс істесін. Көше базарында санитария талаптары сақталмайтыны тағы бар. Жаңадан жаңалық ашып отырған жоқпыз. Бұл аумақтағы қирағалы тұрған сауда ошақтары мен заңсыз, рұқсатсыз құрылыстан қарапайым халық жапа шегуі мүмкін. Екі ел арасындағы қақпаның аумағын толық ретке келтіруге күш саламыз. Сол жерді абаттандырып, ретке келтіреміз. Заманауи терминал салу жолдарын қарастырып, ол үшін тиісті жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Онда сауда нүктелері болады. Отандық өнімге басымдық беріледі. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатта арнайы комиссия құрылады, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

«Жібек жолы» кеден бекетінің жанында пайдаланудағы және салынып жатқан ретсіз, заңсыз құрылыстарды анықтап, құқық бұзушылықты жою бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық бақылау жөнінде басқармасымен 17 құрылыс нысандарында анықталған заң бұзушылықтар негізінде, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, 4 млн теңгеден аса айыппұлдар салынды. Заңсыз құрылыс нысандарын бұзу жөнінде сотқа арыздар жолдануда. Алайда сот айыппұл салумен шектелген. Басқарма сот қаулысымен келіспей, прокуратураға қарсы пікір білдіруге хат жолдап жатыр. Заңсыздықты жою жұмыстары тоқтамайды.

Облыс әкімі шекара маңындағы инфрақұрылымды, қызмет көрсету орындарын реттеу, жолаушылар мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды тоқтатпауды тапсырды. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар жүктеліп, ұсыныстар берілді. Өңірлік жедел штаб отырысы енді ай сайын өтеді.

TuraNews

Back to top button