ӘлемТехнология
Trending

Түркиядағы TEKNOFEST рекорд жаңартты: Шанлыурфадағы фестивальге 1,5 миллион адам жиналды

Түркияның Шанлыурфа қаласында авиация, ғарыш және технология салаларын қамтыған ауқымды TEKNOFEST Güneydoğu фестивалі салтанатты түрде аяқталды, деп хабарлайды «Анадолы» агенттігі.

T3 қорының Қамқоршылық кеңесі және TEKNOFEST директорлар кеңесінің төрағасы Селчук Байрактардың мәлімдеуінше, бұл жолғы шараларға 1,5 миллионнан астам адам қатысып, абсолютті рекорд орнатылды. Оның ішінде тек Шанлыурфаның өзінде 1,3 миллионнан аса көрермен болған.

«Біз тағы да Түркияның жарқын болашағына деген терең сенімнің куәсі болдық. Бұл жерден тек кубоктар мен марапаттарды ғана емес, шынайы достықты, жаңа идеяларды және ертеңгі үлкен жетістіктерге бастар алғашқы қадамдарды ала кетіп барамыз», — деді Селчук Байрактар жабыл салтанатында.

Селчук Байрактар, сурет: Анадолы агенттігі

Фестиваль аясында жас өрендер жасанды интеллект, заманауи ауыл шаруашылығы, робототехника және автономды жүйелер бағытындағы өз әзірлемелерін көпшілікке таныстырды.

TEKNOFEST басшысы бұл байқаудың тек технологиялық сайыс емес екенін ерекше атап өтті:

«Мұнда тек жарысып қана қойған жоқпыз, сондай-ақ жастарымыздың көздерінен Түркияның өз күшіне деген мызғымас сенімін көрдік. „Сендер мұны істей алмайсыңдар“ дегендерге қарамастан, біз жасадық, жасап жатырмыз және бұдан да артық жасайтын боламыз», — деді ол.

Байрактардың айтуынша, ауқымды шараның басты мұраты — жастардың технологиялық бастамаларын қолдау ғана емес, олардың бойына өз күшіне деген сенім ұялату.

Әлемдегі ең ірі технология фестивалі

Жалпы есеппен әлемдегі ең ірі авиация және технологиялар мерекесі саналатын TEKNOFEST биыл 15-рет ұйымдастырылды.

Шанлыурфа GAP әуежайының аумағында өткен шара Түркия Өнеркәсіп және технология министрлігі, T3 қоры және Savunma Teknolojileri Mühendislik ve Ticaret A.Ş. компаниясының бірлескен ұйымдастыруымен өтті. Фестиваль бағдарламасына қызықты көрсетілімдер, көрмелер мен 14 түрлі санат бойынша технологиялық байқаулардың финалдық кезеңдері енді.

TuraNews

Back to top button