Түркияда халықаралық қылмыстық ұйым мүшелері ұсталды
Түркияның қауіпсіздік күштері халықаралық қылмыстық ұйымдардың үш басшысын ұстады. Олардың арасында Интерполың «қызыл бюллетенімен» іздеуде болғандар бар, деп жазады TuraNews.kz Kazinform агенттігіне сілтемелеп.
Түркия ІІМ басшысы Әли Йерликая операция туралы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
«Қауіпті қылмыскерлер Түркия полициясы бас басқармасының Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен келісе отырып, Аланья (Анталия) және Ыстанбұлда ұйымдастырылған Kafes-21 операциясы аясында ұсталды», — деді министр.
Анталья провинциясының Аланья ауданында ұсталған Томас Джозеф Конрад Интерполдың «қызыл бюллетені» бойынша іздеуде болды. Ол Польшада есірткі саудасымен айналысатын, Мароккодан Италия мен Испанияға үлкен көлемде есірткі жеткізіп, содан кейін Еуропаның басқа елдеріне аз мөлшерде жөнелтіп жүрген ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды.
«Түркияның қауіпсіздік күштері Интерполдың «қызыл бюллетенімен» Қытайда «алаяқтық және заңсыз әрекеттер» үшін іздеуде болған Цзинькин Пэнді Ыстанбұлдың Фатих ауданында ұстады. Даниэль Александр Мюллерге Германияда бір тонна кокаиннің заңсыз айналымына қатысы бар деген айыппен шұғыл іздеу жарияланды, ол Ыстанбұлдың Бейоглу ауданында ұсталды», — деп атап өтті Ә.Йерликая.
Ол Түркияның құқық қорғау органдары халықаралық қылмыстық ұйымдардың, есірткі сатушылар мен бандалардың ел аумағында кез келген әрекетіне тосқауыл қоюды жалғастыратынын баса айтты.