Түркия президенті жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыс етті
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Хатайда жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарға баспана кілтін табыс ету рәсімінде сөз сөйледі.
Бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігі жазды.
«Зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жер сілкінісі болған аймақта бенефициар саны 390 мың адам болатыны анықталды. Бүгін біз 7 мың 275 азаматқа баспана кілтін табыстап жатырмыз, оның 6 мың 572-сі провинция және аудан орталықтарында, 703-і — ауылдық жерлерде», — деді президент Ердоған.
Сондай-ақ Түркия президентінің айтуынша, зілзала болған аймақта тағы 75 мың үй 2 ай ішінде тапсырылады.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда эпицентрі Түркияның оңтүстік-шығысындағы Қахраманмарашта магнитудасы 7-ден асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Түркия мен Сирияда мыңдаған адам қаза тапты. Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мың адамнан асты.