Әлем
Trending

Түркі елдеріне ортақ Әл-Фараби халықаралық зерттеу орталығын құру ұсынылды

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ғылыми және академиялық ынтымақтастығын нығайту мақсатында әл-Фараби атындағы ортақ халықаралық зерттеу орталығын құру ұсынылды. Бұл бастаманы Түркияның билік басындағы Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі басқарма басшысы Күршад Зорлу Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасына арналған халықаралық симпозиумның ашылу салтанатында көтерді. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Философия. Этика. Болашақ» атты симпозиумға ҚР вице-президенті Ерлан Қарин, отандық және шетелдік 150-ден астам ғалым, зерттеушілер, сарапшылар, сондай-ақ жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Баяндамасын қазақ тілінде жасаған Күршад Зорлу ислам әлемі мен философия тарихында «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани мұрасын талқылау үшін бас қосқан қатысушыларға Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

Оның сөзінше, симпозиумның Қазақстанда өткізілуінің ерекше мәні бар. Бүгінде Қазақ елі өңірдегі тартымды орталықтардың біріне айналып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен халықаралық аренада ықпалды мемлекет ретінде танылып келеді.

К.Зорлу симпозиум аясында қол қойылған ынтымақтастық келісімдерінің, атап айтқанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан ашылатын ICESCO кафедрасы мен Әл-Фараби орталығының ашылуын қолдайтынын білдіре келе, түркі әлемінің ғылыми қауымдастығына үш ұсынысын жеткізді.

Бірінші ұсыныс – Түркі мемлекеттері ұйымының аясында Әл-Фараби атындағы халықаралық зерттеу орталығын құру.

Айтуынша, мұндай орталық әлемнің әртүрлі елдеріндегі архивтерде сақталған Әл-Фарабидің қолжазбалары мен ғылыми еңбектерін біртұтас цифрлық платформаға жинақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл мұраларды түркі халықтарының тілдеріне аударып, зерттеушілер мен көпшілікке қолжетімді ету көзделеді.

Екінші ұсыныс – Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» тұжырымдамасын заманауи мемлекеттік басқару мен «Ақылды қала» жобаларына енгізу.

Күршад Зорлу ұлы ойшылдың философиялық көзқарастары мемлекеттік басқарудың, қалаларды дамытудың және білім беру жүйесінің маңызды рухани негізіне айналуы тиіс екенін атап өтті.

Мәлім етуінше, жастар жасанды интеллект технологияларын меңгерумен қатар, оны адамзат игілігі үшін пайдалануға бағыттайтын Әл-Фарабидің адамгершілік қағидаларын да бойына сіңіруі қажет.

Үшінші ұсыныс – түркі әлемінің университеттері арасында тұрақты академиялық ынтымақтастық желісін қалыптастыру.

Бұл бағытта Түркия мен өзге түркі мемлекеттерінің жетекші жоғары оқу орындары арасында Әл-Фараби мұрасын зерттейтін бірлескен институттар құру, қос диплом бағдарламаларын дамыту және академиялық алмасуды кеңейту ұсынылды.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алдағы уақытта Түркияда филиал ашуды жоспарлап отырғанын айтқан еді.

«Біз бұл игі бастамаларды жалғастырып, білім беру, медицина, туризм саласындағы байланысымызды да нығайта береміз, – деді Президент.

Айта кетейік, әл-Фарабидің мұрасын дәріптеуге арналған халықаралық симпозиумды тұрақты түрде өткізу бастамасын да Қ.Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Биыл ғылыми форум әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатыр.

«Президент Түркістанда – Ясауи, Алматыда әл-Фараби мұрасына арналған халықаралық симпозиумдарды бұдан былай тұрақты түрде ұйымдастыруды тапсырды. Екі үлкен тұлғаға арналған мұндай жиындар кезекпен екі жылда бір рет өткізілетін болады. Бұл – рухани мұрамызды науқандық емес, институционалдық деңгейде жүйелі, кешенді зерттеуге көшкенімізді көрсетеді. Қазақстан өзінің тарихын, рухани мұрасын зерттеуді, насихаттауды жүйелі түрде қолға алуда. Бұл – ағартушылық бағыттағы үлкен бетбұрыстың белгісі», – деді вице-президент Ерлан Қарин шараның ашылу салтанатында.

Форум барысында қатысушылар Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық ілімінің жаһандық гуманитарлық диалогты орнықтырудағы, жалпыадамзаттық құндылықтарды ілгерілетудегі рөлін талқылады.

 

TuraNews

Back to top button