Түркі елдері теле-радио бағдарламаларын өзара тарату мәселесін талқылады
Түркия тарапы түркі мемлекеттері арасындағы медиа ынтымақтастықты кеңейтіп, контент алмасу, бірлескен өнімдер әзірлеу және мамандар даярлау бағытындағы жобаларды дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының БАҚ және ақпарат саласына жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғаларының 8-отырысында түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында теле-радио бағдарламаларын өзара тарату және медиа саласындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ порталы.
Түркия тарапы мұндай бастамаларды қолдап, ақпарат алмасу мен тәжірибе бөлісуге арналған нақты ынтымақтастық тетіктерін қалыптастыруға дайын екенін білдірді.
Түркия Республикасы Президентінің коммуникациялар бойынша әкімшілігі басшысының орынбасары Ферхат Пиринччидің пайымдауынша, ортақ тарих, мәдениет және бауырластық байланыстар түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың негізін құрайды. Сондықтан медиа мен коммуникация саласындағы әрбір кездесу елдер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Бірлігімізді нығайтатын әрбір басқосуды құнды деп санаймыз. Түркі әлеміндегі ынтымақ пен бірлікті бүгінгі күннің ғана емес, ортақ болашағымыздың да кепілі ретінде қарастырамыз, – деді спикер.
Ортақ ақпараттық кеңістік құру мақсаты
Түркия тарапы цифрлық дәуірде сенімді ақпараттың таралуын қамтамасыз ету, медиасауаттылықты дамыту, мамандар даярлау және ортақ контент әзірлеу бағыттарын басым міндеттер қатарына жатқызады.
Спикердің айтуынша, Түркияның Президент Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасы серіктес мекемелермен тәжірибе алмасуды жалғастырып, жаңа ынтымақтастық бағыттарын қалыптастыруға ниетті.
Біз серіктес мекемелермен ақпарат пен тәжірибе алмасуды арттыруға, бірлесіп батыл қадамдар жасауға және ортақ мақсаттарымызды қолдайтын жаңа ынтымақтастық бағыттарын қалыптастыруға дайынбыз, – деді ол.
Ол Түркі мемлекеттері ұйымының аясында ортақ ақпараттық кеңістікті дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын атап өтті. Сонымен қатар ұйымның мүше және бақылаушы мемлекеттері арасындағы хабар тарату саласындағы ынтымақтастықты маңызды деп санайтынын жеткізді.
Теле-радио бағдарламаларын өзара тарату
Түркия өкілі Өзбекстан ұсынған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасында теле-радио бағдарламаларын өзара тарату туралы келісім жобасына қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, Түркия тарапы құжатты талқылау барысында өз ұстанымын жеткізген. Сондай-ақ ұсынысты қарау кезінде сындарлы көзқарас танытқан тараптарға алғыс білдірді.
Біз медиа және хабар тарату саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, ортақ жұмысымызды дамытатын жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді спикер.
Ол контент алмасу, бірлескен өнімдер әзірлеу, оқыту және тәжірибе бөлісу үшін нақты ынтымақтастық платформасын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Түркия тарапы алдағы кезеңде осы бастамаларды одан әрі талқылауға, ұсыныстарды жетілдіруге және өзара пікір алмасу арқылы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін білдірді.
Жасанды интеллект те ортақ күн тәртібінде
Отырыста жасанды интеллект дәуіріндегі ақпараттық саясат мәселесі де қаралды. Түркия өкілінің айтуынша, технологиялық өзгерістер ақпаратты өндіру мен тарату тәсілдерін өзгертіп, сонымен бірге жалған контентке байланысты қауіптерді күшейтіп отыр.
Осыған байланысты түркі мемлекеттеріне медиасауаттылықты арттыру, цифрлық медиа саласындағы әлеуетті дамыту және сенімді ақпарат ағынын қамтамасыз ету бағытында бірлесіп жұмыс істеу қажет.
Түркия тарапы осы мәселелер бойынша тәжірибе алмасуды жалғастырып, ортақ ақпараттық кеңістікті дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.



