БастыМәдениет

Түркі әлемі археология зерттеу институты мен орталықтары одағы ARICA құрылды

2023 жылғы 9 қарашада Самарқанд қаласында (Өзбекстан) Түркі Академиясы Түркі мемлекеттері ұйымының Хатшылығының қолдауымен Түркі әлемі археология институттары мен орталықтары басшыларының алғашқы жұмыс кездесуін ұйымдастырды, деп хабарлайды TuraNews.kz Академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуға Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Татарстан (Ресей Федерациясы), Қарақалпақстан (Өзбекстан Республикасы) және Моңғолия археологиялық зерттеулер саласындағы ғылыми институттар мен орталықтардың басшылары, сондай-ақ жетекші археологтар мен сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында түркі әлемінің археология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының басшылары ынтымақтастық пен қарым-қатынасты тереңдетудің ықтимал бағыттарын талқылады.

Түркі Академиясының басшысы Ш.Мұстафаев өзінің кіріспе сөзінде Түркі әлемі археологиялық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығын (ARICA) құруды мақсат еткен бірінші жұмыс отырысының мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Ол түркі интеграциясын жан-жақты дамыту аясында археологиялық зерттеулерді үйлестіру, сондай-ақ бар мәселелерді бірлесіп шешу үшін түркі әлемінің археологиялық институттары мен орталықтарын біріктіретін құрылым құру қажеттігін баса айтты.

Іс-шараға қатысушылар археологиялық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары онлайн режимде өзара әрекеттесе алатын, тәжірибе алмасып, зерттеулер мен іс-шараларды бірлесіп жүргізетін платформа құрудың маңыздылығын мойындады.

Қатысушылар ARICA белсенді өзара іс-қимыл, ақпарат және тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер мен басқа да іс-шаралар алаңына айналуы тиіс екенін, сол арқылы түркі әлемінің археологиялық зерттеу институттарын, орталықтарын және белсенді сарапшыларын біріктіру керектігін атап өтті.

Отырыс нәтижесінде ғылыми ұйымдардың басшылары мен сарапшылар «Түркі әлемінің археологиялық ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығын (ARICA) құру туралы хаттама қабылдады.

Хаттамаға келесі ғылыми мекемелер қол қойды: Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Археология, этнография және антропология институты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Тарих, археология және этнология институты, Я. Гуламов атындағы Самарқанд археология институты, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Ұлттық археология орталығы, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Өнертану институты, Қарақалпақ гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институты (Өзбекстан), Татарстан Ғылым академиясы А.Х. Халиков атындағы Археология институты (РФ).

Сондай-ақ аталған жиын аясында Татарстан Республикасы Ғылым академиясы дайындаған «Археология: Еділ-Орал өңірі» жеті томдық басылымының тұсаукесері өтті.

TuraNews

Back to top button