БастыСаясатЭкономика

Түрікменстанның экс-президенті су және энергетика мәселелері жөнінде пікір білдірді

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов су және энергетика мәселелері бойынша елдің ұстанымын жариялады.

Мемлекеттік TDH жаңалықтар порталында жарияланған сұхбат барысында Гурбангулы Бердімұхамедов өңірдегі өзекті мәселелер, әсіресе су тапшылығы жөнінде пікір білдірді.

— Ашық айтатын болсақ, бұл — өңір үшін өте үлкен мәселе. Біз бұған дейін де Орталық Азиядағы су проблемасын қарастырғанда үш негізгі қағиданы ұсынғанбыз.

Біріншіден, халықаралық құқық нормаларын сақтау. Бұл су ресурстары бүкіл адамзаттың ортақ игілігі екенін білдіреді. Осыған сәйкес, суды пайдалану жалпыға танылған нормаларға, БҰҰ конвенциясына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.

Екіншіден, өзара мүдделерді ескеру. Бұл су ресурстарын пайдалануда барлық елдің халықтарының мүдделерін назарға алу қажеттігін білдіреді. Тек осындай тәсіл әділетті және тұрақты дамуды қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, бұл процеске халықаралық құрылымдарды, ең алдымен БҰҰ-ны тарту, — деп атап өтті Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы.

Оның айтуынша, Түрікменстан Орталық Азия елдерінде су ресурстарын пайдалану тетіктерін қалыптастыру мақсатында Өңірлік су пайдалану кеңесін құруды ұсынады. Сондай-ақ, Түрікменстан Амудария және Сырдария өзендері бойынша БҰҰ конвенцияларын қабылдауды қолдайтынын білдіреді.

Энергетикалық ынтымақтастыққа тоқталған экс-президент Түрікменстанның бірқатар маңызды экономикалық жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Олардың қатарында Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан (ТАПИ) газ құбыры, теміржол құрылысы, сондай-ақ электр желілері мен байланыс инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

— Түрікменстан табиғи газ жеткізу мәселесі бойынша еуропалық серіктестермен тығыз жұмыс істеуге дайын. Бұл бағыттағы ықтимал қадамдардың бірі — Транскаспий бағытын іске асыру. Біз әрдайым Каспий аймағында толыққанды энергетикалық әріптестік орнатуды қолдадық, соның ішінде Батыс бағытына су асты құбырларын тартуды да жақтаймыз. Бұл — біздің заңды құқығымыз, ол Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияда бекітілген, — деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы энергоресурстарды жеткізумен шектелмей, «жасыл» энергетика саласында бірлескен жобаларды бастау және Еуропаға электр энергиясын жеткізу бастамасын қолдайтынын айтты.

— Қазіргі уақытта Каспий теңізінің Түрікменстанға тиесілі жағалауында 1 574 мегаватт қуаттылыққа ие электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Электр жеткізу желілері өтетін мемлекеттердің үйлестірілген күш-жігерімен бұл жоба жақын арада өзара тиімді негізде жүзеге асады деп сенемін, — деп мәлімдеді ол.

Бұған дейін Түрікменстан мен Грузияның көлік дәліздерін дамыту жөнінде келісімге келгені хабарланған болатын.

 

 

Source
Kazinform

TuraNews

Back to top button