Түрікменстан Орталық банкі жаңартылған 1, 5 және 10 манаттық полимер купюраларын, сондай-ақ мүлде жаңа 200 манаттық банкноты таныстырды. Бұл жөнінде Trend агенттігі реттеуші ұйымға сілтеме жасап хабарлады.
Банктің мәліметінше, жаңа үлгідегі банкноттар күшейтілген қорғаныс элементтерімен, тозуға, кірленуге және механикалық зақымдануға төзімді материалдармен дайындалған. Төмен номиналдағы купюралардың бұрынғы түстері мен негізгі дизайны сақталғанымен, оларға «Бейбітшілік пен сенім жылының» эмблемасы қосылған.
Ал 200 манаттық банкноттың алдыңғы бетінде Аркадаг монументі, арқа бетінде Аркадаг қаласының әкімшілік ғимараты бейнеленген. Барлық жаңа банкноттарда шығарылған жылы және Орталық банк төрағасының факсимиле қолы көрсетілген.
Жаңа және жаңартылған купюралар ел аумағында номиналы бойынша міндетті түрде қабылдануға тиіс. 2009, 2012, 2014, 2017 және 2020 жылдары шығарылған банкноттар да заңды төлем құралы болып қала береді.



