Денсаулық

Түлкібастағы шалғай ауылда жаңа медициналық нысан ел игілігіне берілді

Көп жылдан бері Жаскешу ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылында өзекті мәселенің бірі болып келген медициналық тірек мәселесі шешімін тауып, заманауи жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ел игілігіне пайдалануға берілді.

Түлкібас ауданында қуанышты жағдай болды.

Нысанның ашылу салтанатына ауданға арнайы іссапармен келген Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев, аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов, аудандық мәслихаттың хатшысы Хамит Байысбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысандарымен құттықтады.
Ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер игі іске мұрындық болған жандарға алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

Бұл жерде 1 жалпы дәрежелі дәрігер, 1 фельдшер және 1 медбике қызмет етеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, әсіресе медициналық нысандар ашу міндетін Үкіметтің алдына қойған еді. Қазақстан бойынша медициналық тірегі жоқ 650 ауылдың мәселесі шешілетіні айтылған. Міне, Түлкібас ауданында Жолдауда айтылған мәселе өз шешімін тауып жатыр.

Елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында өткен жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-еуіне заманауи жаңа нысан соғылып, бүгінгі таңда соның 3-еуі пайдалануға беріліп отыр. Қалған 1 нысан (Ақбиік) алдағы уақытта беріледі деп күтілуде.

Бұл бағыттағы жұмыстар бұнымен тоқтап қалмай, келесі жылы 5 елді мекенге (Тастыбұлақ, Бақыбек, Абайыл, Мақталы, Шақпақ, Азаттық) ал қалған 6 елді мекенге 2025 жылы (Пістелі, Жанұзақ, Иірсу, Қызылбастау, Даубаба) заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер соғу жоспарлануда.

TuraNews

Back to top button