Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өмірден озды. Қазаны Мәдениет және ақпарат министрлігі естіртті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Несіпбайұлы Обаевтың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.
“Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға еді. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек. Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!” – делінген хабарламада.



