Қоғам

Тазалықтан басталған жауапкершілік: Өскемен жастары «Таза Қазақстан» бастамасын қолдады

Өскеменде «Таза Қазақстан – ортақ іс және ортақ құндылық» тақырыбында жастармен кездесу өтіп, экологиялық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.

Қоршаған ортаны қорғау – тек сенбілік өткізу немесе аумақты тазалаумен шектелмейтін, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ құндылық. Осы бағытта Өскемен қаласында жастардың қатысуымен «Таза Қазақстан – ортақ іс және ортақ құндылық» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.

Іс-шараны Өскемен қаласының Жастар ресурстық орталығы өткізді. Кездесуге еріктілер, студенттер және қаланың белсенді жастары қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және туған өлкенің тазалығына жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесудің басты назарында – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының қоғамдағы маңызын арттыру және жастарды экологиялық бастамаларға кеңінен тарту болды.

– Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда осындай кездесулердің маңызы зор. Бұл мәселелер үнемі талқыланып, жастардың ұсыныстары мен бастамаларына қолдау көрсетілсе, қоғамның экологиялық сауаттылығы да арта түседі. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – «Таза Қазақстан» бастамасының мәнін жастармен бірге талқылап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу, – деді «Қоғамның экологиялық даму орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Тәнір Ясса.

Жиын барысында қатысушылар өзекті экологиялық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салып, қаланың тазалығы мен абаттандырылуына жастардың қосар үлесі туралы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар табиғатты ластамау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс басқару, жасыл желекті қорғау және қоғамдық орындарға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызы атап өтілді.

Жастардың пікірінше, экологиялық жауапкершілік ең алдымен қарапайым күнделікті әрекеттерден басталады. Қоқысты белгіленген орынға тастау, табиғатты таза ұстау, сенбіліктер мен волонтерлік акцияларға қатысу – қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің нақты көрінісі.

«Таза Қазақстан» – тазалық акциясы ғана емес, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуге бағытталған ортақ құндылық. Ал бұл құндылықты қалыптастыруда жастардың белсенділігі айрықша маңызды.

Өскемендегі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға және жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға мүмкіндік беретін ашық пікір алаңына айналды.

TuraNews

Back to top button