Тәжікстан Қазақстанға 1200 тонна пияз жеткізеді
«Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Тәжікагропром» компаниясы арасында 1 200 тонна пияз жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Бұл туралы елдорданың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев айтты.
«Өндірісті жақсарту және қаланы қантпен қамтамасыз ету үшін форвардтық механизм арқылы Меркі қант зауытымен 2023 жылға 3,5 мың тонна көлемінде несиелік келісімшарт жасалды. Сонымен қатар, жаңа тәсілдің бірі – импортталған көкөністерді сатып алу қарастырылған», — деді ол қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Қалада пияз тапшылығы болмау үшін тәжікстандық компаниямен келісім жасалған.
«Мысалы, Тәжікстан Республикасына жасалған іссапар қорытындысы бойынша, «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Тәжікагропром» компаниясы арасында 1 200 тонна пияз жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. Алғашқы жеткізілім мамыр айында – 500 тонна, маусым айында 500 тонна және шілде айында 200 тонна көкөніс жеткізіледі», — деді Мақсат Жаңабаев.