ҚоғамСпорт

Спорт арқылы заң мен тәртіп: Өскеменде «STREET POWER : ARM FIGHT» жастар арасындағы армрестлинг турнирі өтті

Өскемен қаласында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында «STREET POWER : ARM FIGHT» армрестлинг турнирі ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шара өңірдің белсенді жастарын бір арнаға тоғыстырып, салауатты өмір салтын насихаттау мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың жарқын үлгісіне айналды.

Турнирді Шығыс Қазақстан облыстық Жастар ресурстық орталығы, Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы және Шығыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы бірлесіп өткізді.

Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында спортты дәріптеу, денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыру және жас буынды пайдалы әрі белсенді өмір салтына баулу.

ШҚО Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Темірлан Базылханов мұндай жарыстардың жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

— Қазіргі таңда жастардың спортпен айналысып, денсаулығына көңіл бөлуі аса маңызды. Осындай турнирлер жасөспірімдердің күш-жігерін дұрыс бағытқа бағыттап, тәртіпке, табандылыққа және өзін-өзі дамытуға тәрбиелейді, — деді Темірлан Базылханов.

Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тартысты әрі әділ бәсеке рухында өтті. Қатысушылар өздерінің тыңғылықты дайындығын, төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Жарыс халықаралық талаптарға сай бағаланып, кәсіби төреші бақылау жүргізді.

Сайыс үш салмақ дәрежесі бойынша өтті: 60 келіге дейін; 80 келіге дейін; абсолюттік салмақ дәрежесі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Турнир қатысушысы Отанбек Әкімханұлы шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, мұндай жарыстар спортшылар арасындағы достықты нығайтып, тәжірибе алмасуға және өңірдегі жастар спортын дамытуға серпін беретінін айтты.

Жарыс барысында армрестлерлер өздерінің күшін, шеберлігін және нағыз спорттық мінезін паш етіп, көрермендерге әсерлі әрі тартысты белдесулер сыйлады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да Шығыс Қазақстан облысында осындай спорттық іс-шаралар жалғасатынын жеткізді.

TuraNews

Back to top button