Қоғам

ШҚО-да облыс әкімдігінің отырысы өтті

Шығыс Қазақстанда облыс әкімдігінің отырысы өтіп, өңір үшін маңызды мәселелер талқыланды. Мәселелердің ең өзектісі - сәуір айының ортасында күтілетін су тасқынының екінші толқынына дайындық.

Қазір, облыста жағдай тұрақты. Бұл әрине, барлық қатысушы құрылымдардың бірлесе артқарған жұмының арқасында. Еске сала кетейік, өңір басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен өткен жылдың күзінде-ақ ШҚО қалалары мен аудандарында су тасқынының алдын алу шаралары басталған еді.

Биыл алғаш рет тасқын суға төтеп беру үшін тарихи деректерге негізделген арнайы карта жасалды. Су тасқыны қаупі бар аудандарға тәулік бойы мониторинг жүргізіліп, үнемі толықтырулар енгізіліп отырады. Басты мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

ШҚО-да биылғы жыл «Жол жылы» болып жарияланды және өңір билігі жол жөндеу жұмыстарынының сапасына ерекше назар аудармақ.

облыс әкімі Ермек Көшербаевтың айтуынша, тұрғындар тарапынан түсетін шағымның көбі жолға қатысты, оған себеп, соңғы жылдары толыққанды жөндеудің жүргізілмегені. Биыл өңірдегі жолдарды жөндеуге екі есе қаржы бөлінді.

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовтың айтуынша, 28,5 млрд теңге бөлу жоспарлануда, 600 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

— Сапаға аса мән беруіміз қажет, — деп атап өтті өңір басшысы, — Осы тұста жол патрульдерімен бірлесе жұмыс істеген абзал. Әсіресе көнетоз жолдарда мәселе шаш етектен. Уақыт өте топырақ шөгеді, климат өзгереді, әрине, жолға да әсер етеді. Сондықтан құрылыс технологияларының сапасын қадағалауымыз қажет.

Кез — келген адам жөндеу жұмыстарын қайда және қашан жүргізетінін білуі үшін жолдардың толық тізімін құзырлы басқарманың сайтында міндетті түрде жариялау тапсырылды.

Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталған еді. Өңірде 1,5 млрд теңгеден астам сомаға 213 несие беріліп, бағдарлама аясында ауылдық жерлерде 235 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Диляра Жылқайдарованың баяндауында, ағымдағы жылы дәл осы бағдарлама бойынша облыс азаматтарына  1000 несие беру жоспарланған.

Өңір басшысы Ермек Көшербаевтың айтуынша, аталмыш бағдарлама өңір экономикасының өсу құралына айналуы тиіс. Мысал ретінде, Күршім ауданындағы тұшпара өндіретін кәсіпорынды сөзге тиек етті.

— Баяндама көңіл көншіткенімен, экономиканың өсу нүктелерін қалыптастыруда бағдарламаның қандай мүмкіндіктері бар екенін естімедім, сондай-ақ, жергілікті брендтерді көрмедім, – деп атап өтті Ермек Көшербаев, — Нәтиже бар, бірақ олар туралы сөз қозғалмады. Жобаның көпшілігі мал шаруашылығына негізделген, ал өсімдік шаруашылығына арналғаны – бір пайыз. Біз өз өнімдерімізді шығаруға қауқарымыз жеткілікті, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші кәсіпкерлер делдалдарсыз-ақ сата алады.

Өскеменде өндіруші мен тұтынушы арасында сәтті ашық алаң құрудың  мысалдары жеткілікті. Мысалдарды негіз ете отырып, аудан әкімдеріне жергілікті жерлерде осындай алаңдар құру тапсырылды.

Сондай-ақ, өңір басшысы дүкен сөрелерінде жергілікті өнімдердің түрі де, саны да ұлғаюы тиіс екендігін ашып айтты. Бұл үшін жергілікті бизнесті дамыта алатын әрі ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға қауқарлы бастамашыл кәсіпкерлердің қолдау көрсетілуі керек.

Шығыс Қазақстанда жыл сайын 146,5 мың тонна коммуналдық қалдықтар түзіледі. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. Арман Есентаевтың  өңірде 165 полигон мен ҚТҚ сақтау орны бар, оның тек 22-сінде рұқсат құжаттары бар екенін айтып өтті. Яғни, полигондардың санаулы бөлігі ғана экологиялық талаптарға жауап береді.

Ермек Көшербаев осы бағытта тікелей жұмыс істейтін жауапты басқарламаларды шақырып, әрқайсысына осы мәселе төңірегінде бірлесе күш салуды тапсырды.

–  Қазір сіз осы бағытта  қалай жұмыс істеу керектігін білмейсіз.Біз стратегия құрып, қоқыс жинау мәдениетін  насихаттамайынша, шара қолданудың еш мәні жоқ, — деді өңір басшысы.

Әкімдік отырысынан кейін облыс әкімі су тасқыны жағдайының жедел мәселелері бойынша қалалар мен аудандардың әкімдерімен бейнеконференция арқылы іскерлік кездесу өткізді. Облыс тұрғындары үшін денсаулық сақтау, білім беру, ауылдар мен қалалардың сыртқы және ішкі келбеті, аудандық және кенттік жолдар мен қызмет көрсету мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.

Ермек Көшербаев өңірде басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы шығысқазақстандықтар арасында жандана түскенін атап өтті. Бірнеше күн ішінде оған 20 мыңнан астам адам қатысты.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы аяқталарда аймақ басшысы осыған дейін ҚР Қорғаныс министрінің идеология, Ақпарат және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған, коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Әлішер Сүлейменовті таныстырды.

TuraNews

Back to top button