Сербияда жаппай атыстан кейін халықтан қару-жарақ алынып жатыр
Мамыр айының басында Сербияда 17 адамның өмірін қиған екі жаппай атыстан кейін ел үкіметі әскери арсеналын ұзақ жылдар бойы заңсыз сақтаған азаматтардан қару-жарақ тәркілеу науқанын жалғастырып жатыр. 13 500 қару-жарақ алынды. Бұл туралы Euronews хабарлайды.
Сербия президенті Александр Вучич алынған қару көрмесін аралады.
Экспозицияда әскери қару-жарақтың 13 500 түрі ұсынылған. Соның арасында мылтық, пулемет, ракета қондырғылары мен танкке қарсы гранаталар бар.
Сербиядағы «қару амнистиясы» 8 маусымға дейін жалғасады.
Осы уақытқа дейін мемлекетке қаруын өз еркімен тапсырған азаматтардың бәріне қылмыстық қудалау, жазалау қаупі төнбейді.
Швейцарияның Small Arms Survey ғылыми жобасының бағалауынша, 2018 жылы Сербия бейбіт тұрғындардың жан басына шаққандағы атыс қаруының саны бойынша әлемде Йемен мен АҚШ-тан кейін үшінші орында болды.