Басты
Trending

РЕСПУБЛИКА КҮНІ – ЕЛДІК ПЕН ЕГЕМЕНДІКТІҢ АЙШЫҚТЫ БЕЛГІСІ

Республика күні – еліміздің мемлекеттілік тарихындағы айрықша орны бар, ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын және тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауымызды айшықтайтын маңызды мереке. Бұл күн – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, елдік мұратын және дербес мемлекет құру жолындағы тарихи сабақтастығын бейнелейтін қастерлі дата.
Бүгінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өзіндік орны бар, құқықтық және демократиялық мемлекет құру бағытында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келе жатқан ел ретінде дамып келеді. Мемлекеттілікті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғамдық келісімді сақтау – ел дамуының басты басымдықтары.
Осы орайда құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізгі тетіктерінің бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Өйткені әділетті қоғамның іргетасы заңға құрметпен қарау, азаматтардың құқықтарын сақтау және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру қағидаттарына негізделеді. Заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы мен әрбір азаматтың өз құқықтарын заң аясында жүзеге асыру мүмкіндігі қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың маңызды кепілі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, мемлекеттік биліктің қызметін құқықтық тұрғыдан реттеудің және қоғамдық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің берік негізі саналады. Осы құндылықтарды сақтау мен нығайту – мемлекеттік органдардың ортақ міндеті әрі әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби жауапкершілігі.
Әділет органдарының қызметі де осы маңызды міндеттермен тығыз байланысты. Құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу, заңнама талаптарының сақталуына ықпал ету және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жетілдіру – біздің жұмысымыздың негізгі бағыттары. Бұл ретте әрбір шешімнің заңдылығы, әрбір қызметтің сапасы және әрбір азаматтың өтінішіне жауапкершілікпен қарау ерекше маңызға ие.
Мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі. Сондықтан қоғаммен ашық диалог орнату, азаматтардың өтініштеріне уақытылы әрі заң талаптарына сәйкес жауап беру, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін арттыру тұрақты назарда болуы тиіс. Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары, заңға деген құрметі берік қоғам ғана орнықты дамудың сенімді негізін қалыптастыра алады.
Еліміздің егемендігі нығайып, бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын! Қазақстанның абыройы асқақтап, халқымыздың әл-ауқаты артып, әділетті әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы бастамаларымыз баянды нәтижелерге жеткізсін!

Қызылорда облысы Әділет департаменті
басшысының орынбасары Ұзақбай Оразгелдіұлы

TuraNews

Back to top button