Қоғам

Republic Day: Өскемендіктер филармония өнерпаздарының концертін тамашалады

Республика күні қарсаңында Өскемен қаласында тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлауға бағытталған мәдени іс-шаралар жалғасуда. 15-27 қазан аралығында ұйымдастырылып жатқан Republic Day/Bereke Fest аясында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының өнерпаздары қаладағы ірі сауда орталықтарында өнер көрсетіп, жұртшылыққа музыкалық тарту жасады.

Бүгін филармония музыканттары ірі сауда орталықтарында өнер көрсетті. Келушілер танымал джаз шығармаларын тыңдап, мерекелік кештің куәсі болды.

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясы Big Band оркестрінің жетекшісі әрі бас дирижері Александр Адамовтың айтуынша, концерттердің басты мақсаты – қала тұрғындарының көңіл күйін көтеріп, мерекелік атмосфера қалыптастыру.

– Республика күніне орай біздің шығармашылық ұжым тыңдармандардың көңіл күйін көтеру мақсатында қаладағы ірі сауда орталықтарында мерекелік джаз концерттерін ұсынып жатыр. Бүгін көпшілікке танымал, жігер беретін, жағымды энергетикаға толы шығармаларды орындап отырмыз. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деді Александр Адамов.

Оның айтуынша, жоба аясында облыстық филармонияның басқа да шығармашылық ұжымдары қаланың түрлі орындарында өнер көрсетеді. Бұл тұрғындарға музыкалық өнерді күнделікті өмірде, өздері жиі баратын қоғамдық орындарда тамашалауға мүмкіндік береді.

Сауда орталығының жетекшісі Азамат Расмамбетовте мұндай мәдени шаралардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, өнерпаздардың өнер көрсетуі тұрғындарды бір алаңға жинап, ортақ мерекелік көңіл күй қалыптастырады.

– Бүгін біздің сауда орталығымызда филармония музыканттары өнер көрсетуде. Осындай көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсер қалдырғандары үшін оларға үлкен алғысымызды білдіреміз. Келе жатқан Республика күнімен баршаңызды құттықтаймыз! Елімізде тұрақтылық пен даму болсын, әр шаңыраққа тыныштық, мереке мен табыс тілейміз, – деді Азамат Расмамбетов.
Концертті тамашалаған өскемендік жастар да өз әсерлерімен бөлісті. Қала тұрғыны Рамазан Болатов джаз музыкасына қызығушылығы бар екенін айтып, өнерпаздардың орындауындағы шығармалар ұнағанын жеткізді.

– Концерт өте керемет өтті. Барлығы ұнады. Келе жатқан мерекеге орай барша қазақстандықтарға ең алдымен денсаулық тілеймін. Әр отбасы бақытты болып, әр адам алға қойған мақсаттарына жете берсін. Барлығы жақсы болсын! – деді Рамазан Болатов.
Айта кетейік, Өскеменде Республика күніне арналған мерекелік іс-шаралар ертең де жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтарын қаладағы түрлі ірі сауда орталықтарында мерекелік бағдарлама аясындағы түрлі мәдени шаралар күтеді.

TuraNews

Back to top button