«Жетінші арна» телеарнасының хабарлауынша, Қызылорда қаласының тұрғыны Әлинұр Рахым есімді жеткіншек сирек кездесетін дерттің зардабын тартуда. Ол түн ішінде бір сағаттан артық ұйықтай алмайды. Анасының айтуынша, баласының денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады, ал дәрігерлер нақты диагноз қоя алмай отыр.
Үш жыл бұрын басталған бұл мазасыздық қазіргі таңда асқынып кеткен. Алғашында тыныштандыратын дәрілер көмектескенімен, бүгінде Әлинұр тіпті көз шырымын ала алмайтын халге жеткен.
АЙНАШ ҚАЙПБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Балам күннен күнге ұйқы іздемей бара жатыр. Ол менің жаныма қатты батады. «Әлинұр, шаршамайсың ба? Түнде дым ұйықтаған жоқсың ғой», — деп сұраймын. «Жоқ, мама мүлдем шаршамаймын», — дейді. Біздің әр түніміз тозақ. Дәрігерлер айтсам: «Мүмкін емес, қалай ол деп?», — маған сенбейді.
Ұйқының қанбауы баланың психикасына ғана емес, физикалық күйіне де әсер ете бастаған. Әлинұрдың айтуынша, ол үнемі басы ауырып, дел-сал күйде жүреді.
ӘЛИНҰР РАХЫМ:
— Ұйқым келеді, бірақ ұйықтай алмаймын. Ерте жатсам да, сол бірден кейін ұйықтаймын. Дәріні ішсем де ұйықтай алмаймын. Ұйқыдан тұрғаннан кейін үнемі басым ауырады. Ұйықтағанда түс көрген сияқты боламын. Бірақ қарасам 5-10 минут қана өтіпті.
Мамандар бұл жағдайдың соңы ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Баланың есте сақтау қабілеті төмендеп, ұмытшақтық пайда болған.
МАРИНА ВИХНОВСКАЯ, ЖОҒАРЫ САНАТТЫ БАЛАЛАР ПСИХИАТРЫ:
— Ұйқысыздықтың түрлі себебі бар. Ол психикалық, неврологиялық және соматикалық бұзылыстардан болуы мүмкін. Осы 3 топтық тексеру баланың потологиялық жағдайын толық анықтап береді. Сонымен қатар қазіргі дерттің басталуы мен дамуы анамнезін жасау керек.
ӘСЕМ ҚАСЕНОВА, ДӘРІГЕР НЕВРОЛОГ:
— Ұйқы – өсіп келе жатқан бала ағзасы үшін өте маңызды фактор. Сондықтан ұйқысыздықтың соңы түрлі өкінішті жағдайларға алып келуі мүмкін. Уақыт өте келе балада ойлау, есте сақтау, түсіну қабілеттері төмендейді. Тіпті иммунитеті түсіп, түрлі инфекциялық ауруды жұқтыру қаупі жоғарылайды.
Телеарнаның мәліметінше, бұрын қарттарға тән деп саналатын бұл дерт бүгінде балалар арасында жиілей бастаған. Мамандар мұны ұялы телефондар мен гаджеттерді шектен тыс қолданумен де байланыстырып отыр. Қазіргі таңда Әлинұрға кешенді тексеру мен тез арада мамандардың көмегі қажет.



