«Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» темір жолы салынады
Жобаның, жүктерді жеткізу қашықтығы мен уақытын қысқарту арқылы халықаралық транзиттік тасымалдау нарығындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратыны атап өтілді.
Самарқандта (Өзбекстан) ШЫҰ саммиті аясында Қырғызстан жерінде «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» теміржол құрылысы жобасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы Қырғызстан Президенті баспасөз қызметі хабарлады.
Құжатта «Торугарт-Арпа-Макмал-Жалал-Абад» маршрутының аралас нұсқасы бойынша темір жол құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін сәтті аяқтауға бірлесіп жәрдемдесу көзделген.
Техникалық-экономикалық негіздемені жүргізумен Қытай темір жол корпорациясының бірінші жобалау-іздестіру институты айналысады, оған тараптар өз қолдауын көрсетеді. Бағалау жүргізу уақытын қоса алғанда, ТЭН бойынша барлық жұмыстардың аяқталу мерзімі 2023 жылғы 1 маусымына дейін деп бекітілген.
Тараптар ТЭН шығыстарын қаржыландыруға үш жақты келісім арқылы тең үлестермен бөлуге ниетті.
Жаңа жол торабы Еуразияның құрлықтық көпірінің оңтүстік тармағына айналып, Оңтүстік-Шығыс, Батыс Азия және Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына жол ашады. Бұл бағыт Қытайдан Қырғызстанға, сондай-ақ Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне, оның ішінде Түркияға және одан әрі Еуроодаққа жүктерді жеткізуді қамтамасыз ете алады.