Қытайлық компания Өзбекстанға электровоздар мен тепловоздар жеткізеді
Техникалар 2034 жылға дейін жеткізіледі.
Бұл «Өзбекстан темір жолдары» АҚ мен Қытайдың «CRRC Zhuzhou Locomotive» компаниясы арасында жасалған келісім-шартта айқындалды. Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
15 тамызында Өзбекстан көлік министрі Қытайдың «CRRC Zhuzhou Locomotive» компаниясының президенті Ван Сиаолин бастаған делегация өкілдерімен кездесті.
Кездесуде Өзбекстанға жүк және жолаушылар пойыздары мен қосалқы бөлшектерін сатып алу және жеткізу мәселелері талқыланды.
Талқылау соңында Өзбекстан мен Қытай компаниялары арасында локомотив паркін жаңғырту және жаңарту туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім-шарт Ш.Мирзиёевтің Қытай Халық Республикасына жоғары деңгейдегі сапары барысында мемлекет басшылары арасындағы келісімдерге сәйкес жасалғаны атап өтілді.
Келісімге сәйкес, қытайлық компания көрші елдің темір жолдарында қолданылатын «Өзбекстан» сериялы 12 электровозын жаңғырту, сондай-ақ 2034 жылға дейін бөліп төлеу шартымен 38 жүк және жолаушы электровоздарын, тепловоз және маневрлік локомотивтерді жеткізіп береді.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан Кореядан 6 жүрдек электр пойызын сатып алатынын хабарлаған едік.