Солтүстік Батыс Қытайдағы Ганьсу провинциясы Дуньхуан қаласында VI «Жібек жолы» Халықаралық мәдени ЭКСПО ашылды, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
ҚХР Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Ли Цюнь құттықтау сөз сөйлеп, «Жібек жолы» мәдени ЭКСПО-ның мақсаты – Жібек жолы рухын ояту, мәдени-гуманитарлық көпір жасап, мәдени мұра саласында серіктестік үшін платформа құру екенін атап өтті.
«Көне Жібек жолы» — сауда жолы ғана емес, өркениеттер алмасатын жол, адамдар арасындағы қарым-қатынас», — деп атап өтті ол.
Ли Цюнь Ұлы Жібек жолының маңызды магистральдарының бірі — «Чанъань – Тянь-Шань дәлізі» екенін атап өтті. Ол 5 мың шақырымға созылып, Шығыс пен Батысты байланыстырған сауда желісі болды. Маршрут Чанъаннан басталып, Жетісу арқылы өткен.
Алғашқы «Жібек жолы» Халықаралық мәдени ЭКСПО 2016 жылы Дуньхуанда өтті.
Дуньхуан 1987 жылы ЮНЕСКО Әлемдік мұра тізіміне енген Могао гроталарымен танымал.
Мыңдаған Будданың үңгірі ретінде танымал Магао гроталары жалпы аумағы 45 мың шаршы метр болатын, 3 мыңнан астам мүсін бар 492 үңгірден құралған. Ұзындығы – 1600 метр.
Қазіргі уақытта тарихи және мәдени жерлері, геосаябағы бар Дуньхуан қытайлық және шетелдік туристер жиі баратын орынға айналды.