Қоғам

Қырғызстанмен бірлескен ТЖ қатерін азайту орталығында жалақы қандай болады?

Алматы қаласындағы «Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту» жөніндегі орталық қызметкерлерінің жалақысы халықаралық стандарт бойынша белгіленіп отыр. Бұл туралы Сенатта өткен брифингіде мәлім болды.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мақұлданды.

«Бүгін Сенатта өте маңызды заң мақұлданды. 2013 жылдан бастап Алматыда Қырғызстанмен бірлесе тиісті орталық ашылған болатын. Осы орайда бүгін бұл орталық жұмысының маңызды тетіктерін мақұлдадық. Яғни оның атқаратын жұмысы ескерілген. Болашақта орталық жұмысы аясында басқа да мемлекеттерді мүше ретінде қосу қарастырылған», — деді сенатор Геннадий Шиповских.

Өз кезегінде ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев аталған орталық қызметкерлерінің жалақысы туралы айтып берді. Орталық жұмысына Қазақстаннан 5 қызметкер және Қырғызстаннан да 5 адам жұмылдырылып отыр. Бұл қызметкерлер төтенше жағдайлар ведомствосының мамандары арасынан іріктелді. Олардың орталықтағы жұмысы бойынша жалақысы халықаралық стандарттар аясында есептеледі.

«Орталықтың директоры үш жыл сайын аусып отырады. Үш жыл Қазақстан жағынан және келесі үш жыл Қырғызстаннан сайланады. Директордың жалақысы 2900 АҚШ долларын құраса, қызметкерлердің айлығы 1500-1700 доллар шамасында. Халықаралық ұйымдарда орташа жалақы осы сомада белгіленген», — деді И. Күлшімбаев.

Бүгін Сенатта қаралған құжат Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың Қазақстан аумағында болуы және жұмыс істеуі мәселелерін реттейді.

Source
ҚазАқпарат

TuraNews

Back to top button