Қырғызстан шекарасында өндірістік сауда-логистикалық кешені салынады
Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Қырғыз Республикасының Экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында өндірістік сауда-логистикалық кешен құру және реттеу туралы келісімге қол қойды. Құжат Астана халықаралық форумы аясында рәсімделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Серік Жұманғариннің атап өтуінше, аталған кешен екі елді арасындағы экономикалық қатынастарды нығайтып, мемлекеттердің экономикасының дамуына септігін тигізетін болады.
«Форум аясында әлемдік маңызы бар өте өзекті мәселелер көтерілді. Бүгін біз ұзақ күткен оқиғаға куә болдық. Қазір ғана экономикалық және тату көршілік қатынастарды дамытуға тағы бір қадам жасалды. Келісім бірнеше жыл дайындалғанын, егжей-тегжейлі пысықталып, инвесторлары анықталғанын атап өткім келеді. Екі елдің көптеген мемлекеттік органы жұмылдырылды. Кешен жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімдерін өндіруге, сонымен қатар жүктерді одан ары тасымалдау үшін үшін қажетті логистикалық қызметтерді ұйымдастыруға септігін тигізеді», — деді Серік Жұманғарин.
Қырғыз Экономика және сауда министрінің айтуынша, кешенді салу екі елдің сауда-экономикалық байланыстарына тың серпін береді.
«Өндірістік сауда-логистикалық кешеннің арқасында екі елдің арасындағы тауар айналымы екі есеге артатындығын атап өткім келеді. Бүгінде ол 2 млрд долларды құрайды», — деді Данияр Амангелдиев.