БастыЭкономика

Қырғызстан мен Түркіменстан Түркіменбашы порты арқылы жаңа пошта бағытын іске қоспақ

Қырғызстан мен Түркіменстан пошта жөнелтілімдерін ұйымдастыру үшін Каспий теңізіндегі Түркіменбашы портына шығу мүмкіндігі бар логистикалық кешенді пайдалану туралы келісімге келді.

«Қырғыз поштасы» пошта желісі хабарлағандай, «Қырғыз поштасы» АҚ бас директоры Марат Черикчиев «Түркімен поштасы» серіктестігінің бас директоры Сердар Оввадовпен онлайн-кездесу өткізді. Кездесу барысында ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды.

«Келісімнің мақсаты – пошталық логистика және электронды коммерция саласында тұрақты және өзара тиімді қарым-қатынастарды орнату. Түркіменбашы портындағы логистикалық кешенді пайдалана отырып, Қытай, Қырғызстан және Түркіменстан арасында үздіксіз логистикалық тізбек құруға ерекше назар аударылады», — делінген хабарламада.

Марат Черикчиев келісімге қол қою екі пошта операторы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, екі ел азаматтары үшін тиімді әрі қолжетімді пошта қызметтерін құруға жол ашатынын атап өтті.

«Логистиканы жақсарту және пошта жөнелтілімдерін жеткізуді жеделдету осы ынтымақтастықтың негізгі аспектілері болып табылады, бұл Қырғызстан мен Түркіменстанның экономикасына да, тұрғындарының күнделікті өміріне де оң әсер етеді», — деп қосты ол.

Келісім сондай-ақ екі елдің бизнесі мен қоғамының өзара тығыз қарым-қатынасына ықпал етіп, электронды коммерцияны дамыту және тәжірибе мен технология алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

TuraNews

Back to top button