Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында туындаған жүк көлігі кептелісінің азайғаны байқалады, деп ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Еуразиялық экономикалық комиссия баспасөз қызметінің мәліметінше, 24 тамызда ЕЭК Энергетика және инфрақұрылым министрі Арзыбек Қожошевтің басшылығымен ЕЭК мониторингтік тобы Қырғызстан мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірлесіп, қырғыз халықаралық тасымалдаушыларының шекарадағы «Ақ-Тілек» өткізу пункті арқылы қалай өтетінін көрді. Атап өтілгендей, комиссияның сапары кезінде Қазақстан тарапынан жүк таситын автокөлік құралдарын өткізу сағатына 2-3 машинадан 8-9 машинаға дейін артқан.
Қырғызстан МҰҚК шекара қызметінің хабарлауынша, 26 тамыздағы жағдай бойынша сағат 15:00-де «Ақ-Тілек-автодорожный» бақылау-өткізу пунктінде Қырғызстаннан Қазақстанға шығатын 355 көлік кезекте тұрған, ал «Чалдыбар-автодорожный» бақылау-өткізу пунктінде – 73 көлік, «Чон-Капка-автодорожный» бақылау-өткізу пунктінде 77 жүк көлігі және 47 жеңіл көлік болды.
Жүк көліктерін өткізудегі жағдай аздап жақсарған, бірақ соған қарамастан жүк көліктерінің кептелісі әлі де байқалады.