Түркі мемлекеттерінің мәдени-рухани жақындасуына серпін берген «Қос қанат» тележобасы жаңа халықаралық деңгейге көтерілді. Екі жыл бұрын Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы алтын көпір ретінде басталған бағдарлама бүгінде ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен бес мемлекетті біріктіретін ауқымды медиа-платформаға айналды, деп хабарлайды ТҮРКСОЙ баспасөз қызметі.
Жобаның үшінші маусымы аясында Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан телекөпір арқылы тікелей эфирде тоғысты. Наурыз мейрамына арналған алғашқы шығарылым бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарын, музыкасы мен салт-дәстүрін паш етіп, миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бағдарламаның түркі мемлекеттерімен байланыс құруы үшін тікелей жұмыс жүргізген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев жобаның түркі әлеміндегі маңызы мен қызығушылығына тоқталды.
«Қос қанат» жобасының түркі әлемінде кең қанат жайып, үлкен сұранысқа ие болуы — біздің рухани тұтастығымыздың айқын көрінісі. Бұл тек телебағдарлама емес, бауырлас елдердің ақпараттық және мәдени интеграциясын нығайтатын стратегиялық жоба. Біздің мақсатымыз — ортақ мәдени мұрамызды заманауи медиа тілімен сөйлетіп, шекара талғамайтын еркін диалог алаңын қалыптастыру. Бүгінде бұл бағдарлама түркі халықтарының бірлігін айқындайтын мәдени дипломатияның құралына айналды», — деді Сұлтан Раев.
Жоба авторы әрі жетекшісі Нуриза Чынтемирова жаңа маусымында түркі әлемі көрермендерін не күтіп тұрғанын хабарлады.
«Біздің мақсатымыз — өнер мен тікелей қарым-қатынас арқылы шекарасыз серпінді медиакеңістік құру. ТҮРКСОЙ-дың қолдауы жобаға жаңа дем беріп, оны мәдени дипломатияның қуатты құралына айналдырды. Бес елдің қатысуы әр мәдениеттің бірегейлігін ашуға және ортақ мұрамызды тереңірек дәріптеуге жол ашады», — Чынтемирова.
Жоба ауқымы күн өткен сайын кеңейіп, ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттер арасындағы ақпарат алмасу жаңа белеске шығып, ортақ медиакеңістік құру идеясына өз септігін тигізді. «Қос қанат» алдағы уақытта да қанатын кеңге жайып, түбі бір түркі жұртын көгілдір экран алдында тоғыстырып, халықтар арасындағы достық дәнекері болуды жалғастыра бермек.


