БастыҚоғамСаясат

Қорғаныс министрі әйелдерді 8 Наурыз мерекесімен құттықтады

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өмір жолын Қарулы күштердегі қызметпен байланыстырған қыз-келіншектермен кездесті.

Бұл туралы ҚР ҚМ-нің баспасөз орталығы хабарлайды.

Салтанатты іс-шараға қатысушылармен танысқан қорғаныс ведомствосының басшысы жиындағыларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, ел Қарулы күштерінде күрделі әрі абыройлы әскери қызметте жүрген әйелдерге шын жүректен алғыс білдірді.

Министр Қазақстан әскерінде 12 мыңнан астам әйел қызмет ететінін, оның ішінде 800-ге жуық офицер, 6 мыңнан аса келісімшарт бойынша әскери қызметші және 5 мың азаматтық персонал қызмет ететінін айтты. «Полковник» әскери шенінде 25 әйел болса, 11 нәзік жанды басшылық лауазымдарда, 55-і мемлекеттік наградалармен марапатталған.

– Әскери қызметші әйелдер оқу-жауынгерлік міндеттерді ер-азаматтармен тең орындай отырып, адал қызмет атқарып жүр. Олардың арасында теңізшілер, десантшылар, барлаушылар, мергендер, механик-жүргізушілер де бар. Кәсіп таңдауда әрбіріңіздің өз жолыңыз, өз тағдырыңыз бар, – деп атап өтті министр.

Бейресми әңгіме барысында генерал-полковник Руслан Жақсылықов әйелдердің отбасындағы әл-ауқатты сақтауға, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

ҚР Ұлттық қорғаныс университеті «Бас штаб академиясы» факультетінің мемлекеттік, әскери басқару және құқық кафедрасының аға оқытушысы подполковник Айсұлу Молдашева сөз сөйледі. Педагог жедел-тактикалық деңгейдегі офицерлерді даярлауға бағытталған оқытушылық қызметінің бағыты туралы айтып берді.

Әскерде қызмет пен спорт қатар жүреді. Бұл салада әскери қызметші-спортшылар Қарулы күштердің беделін арттыруға едәуір үлес қосуда. Оған Спорт комитеті – Орталық спорт клубы бокс командасының аға маманы Қарулы күштер қызметкері Ангелина Лукас айқын мысал бола алады. Наурыз айының басында кәсіпқой боксшы А. Лукас шаршы алаңда жетінші мәрте жеңіске жетіп, Таиландтан елге олжалы оралды. Ангелина спортшыларға көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін министрге алғыс айтты.

55765 әскери бөлімінің әскери байланысшысы ефрейтор Татьяна Скокова шырқаған «Арыс жағасында» әні қатысушылардың бәріне тамаша тарту болды. Т. Скокова өз кезегінде әрбір нәзік әйелдің бойында бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін күші бар екенін атап өтті. Бұл күш-жігер әйелдерге қамқор ана, абзал жан және өз ісінің маманы болуға ықпал етеді.

Шара соңында генерал-полковник Руслан Жақсылықов қыз-келіншектерге құттықтау хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті. Маңызды кездесуден естелік ретінде олар Қорғаныс министрімен бірге фотосуретке түсті.

TuraNews

Back to top button