БастыСаясатЭкономика
Trending

Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда-саттығы рекордтық көрсеткішке жетті

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 28,9%-ға артып, рекордтық 4,2 млрд долларға жетті. Нәтижесінде өңірдің Қазақстанның жалпы сыртқы саудасындағы үлесі 7,4%-ға дейін өсті. Сауда балансында да оң динамика сақталып, оның профициті 2,2 млрд долларды құрады, деп хабарлайды TuraNews.kz сайты Tradereport Телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Ақпаратқа сәйкес, өңірдегі басты сауда серіктесі болып Өзбекстан қалып отыр. Екі ел арасындағы тауар айналымы 37,2%-ға өсіп, 2,3 млрд долларға жетті. Бұл — Қазақстанның Орталық Азиядағы жалпы саудасының тең жартысынан астамы (55,5%). Сондай-ақ үздік үштікке Қырғызстан (1 млрд доллар) мен Тәжікстан (615 млн доллар) енді, ал Түрікменстанмен арадағы сауда 215 млн доллар болды.

Бұл кезеңде экспорттың негізгі драйвері ретінде бидай танылды, оның жеткізілімі 72%-ға артып, 639 млн долларға жетті. Сонымен қатар күнбағыс майы, алтын, болат өнімдері мен ұн экспорты айтарлықтай өсті.

Орталық Азия Қазақстан үшін шикізаттық емес өнімдерді өткізетін басты нарыққа айналып келеді. Қаңтар-мамыр айларында еліміздің дайын өнім экспортының 40%-ы және жартылай фабрикаттар экспортының 33%-ы дәл осы көршілес елдердің үлесіне тиді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, экспорт құрылымында әлі де болса бидай, металл және бастапқы өңдеуден өткен тауарлар басым болып тұр.

TuraNews

Back to top button