Бүгін Сенат «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.
2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Мемлекет басшысының Ташкент қаласына сапары шеңберінде 2022 жылғы 22 желтоқсанда қол қойылған.
Заңның мақсаты — екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, азаматтардың сапарларын реттеу, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға құқықтық негізді одан әрі жетілдіру.
«Хаттамада Келісімнің бірқатар баптарының жеке тармақтары, Келісімнің қосымшалары жаңа редакцияда жазылып, кейбір баптар алынып тасталды. Олардың ішінде негізгі өзгерістер Келісім Тараптары азаматтарының екінші мемлекет аумағына кіру және онда болу мерзімін реттейтін 2-ші бапқа енгізіліп отыр. Қоладаныстағы 2-бапқа сәйкес, екі мемлекеттің азаматтары екінші Тарап мемлекетінің аумағына 5 тәулікке дейін тіркеусіз келеді және онда бола алады. Хаттамаға сәйкес, егер азаматтардың болу кезеңі Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспаса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңтайланған тәртібі енгізіліп отыр. Осылайша, Хаттамада азаматтардың екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуының мерзімі уақытша тіркеусіз 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтылып отыр», — деді сенатор Қайрат Тастекеев.
Хаттамада қарастырылып отырған келесі өзгеріс – ол екінші тарап мемлекетінің аумағына келу кезінде Тараптар мемлекеттерінің (Қазақстан мен Өзбекстан) азаматтарына шекаралық қызмет беретін және кету кезінде қайтарылуға жататын көші-қон бақылау карточкаларына байланысты нормалардың алынып тасталуы.
«Осы өзгерістерден кейін, азаматтар келесі Тарап аумағына Хаттаманың қосымшаларында тізбесі бекітілген жеке басын куәландыратын және азаматтығын растайтын құжаттар негізінде кіреді, одан шығады, транзитпен өтеді, жүріп-тұрады. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңына сәйкес Хаттама ратификациялауға жатады», — деді депутат.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.
«Мемлекеттер қол қойған мәңгілік достық туралы және одақтастық туралы шарттар соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған хаттама екі ел азаматтарына өзара сапарларын жүзеге асыруда қосымша оңтайлы құқықтық жағдай орнатады. Мақұлданған заң тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», — деді Сенат төрағасы.