ҚоғамСаясат
Trending

Қазақстандық қоғамдық даму институты ұлттық сауалнама қорытындысын ұсынды

Қазақстандық қоғамдық даму институты 2026 жылғы 8-20 шілде аралығында еліміздің барлық өңірлерінде – 17 облыста, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 1200 респондент арасында телефон арқылы сауалнама жүргізді.

Зерттеу Қазақстанның 18 жастан асқан ересек тұрғындарының жынысы, жасы, тұрғылықты елді мекен түрі және аймағы бойынша құрылымын көрсететін ұлттық іріктеме бойынша жүргізілді. Қоңырау соғу ұялы және стационарлық телефон нөмірлері бойынша жүзеге асырылды. Сауалнама ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми хабарламасына сәйкес жүргізілді.

Алынған мәліметтер азаматтардың алдағы электоралдық процеске деген ағымдағы қызығушылығын бағалауға мүмкіндік береді.

«Сіз 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуды жоспарлап отырсыз ба?» деген сұраққа респонденттердің 70,3%-ы сайлау учаскелеріне келуге ниетті екендіктерін айтты. Ал 23,3%-ы дауыс беруге қатысуды жоспарламайды, тағы 6,4% әзірге нақты жауап бере алмайтындарын айтқан.

Осы ретте қала мен ауыл арасындағы электоралды белсенділікте айтарлықтай айырмашылық байқалған жоқ. Сайлауға келуге дайындық бойынша қала мен ауыл тұрғындары арасындағы алшақтық шамамен екі пайызға тең.

Ең белсенді топ – 46-60 жас аралығындағы сайлаушылар: олардың дауыс беруге қатысуға дайындығы 18-28 жас аралығындағы жастарға қарағанда шамамен 10%-ға жоғары. Ерлермен салыстырғанда әйелдер арасында дауыс беруге қатысатындардың саны 5 пайызға көп екені анықталды. Ал аса ынталы электоралдық белсенділік тіркелген топ жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар респонденттер болды.

Сонымен қатар, зерттеуге қатысқандар 23 тамызда өтетін сайлауда қай партияға дауыс бергісі келетінін көрсетті.

Респонденттерге «Құрылтай сайлауында қандай саяси партияға дауыс бересіз?» деген сұрақ қойылды.

Электоралды рейтингте бірінші орында «Әділет» партиясы тұр: бұл партия үшін респонденттердің 64,8%-ы дауыс беруге дайын. Сауалнама бойынша, партия барлық әлеуметтік топтарда бәсекелестерінен озық, партия жақтастарының арасында жастардың басымдығы айрықша байқалады.

5,4% көрсеткішпен «Ауыл» партиясы – екінші орында. Бұл партия үшін дауыс беретіндердің қатары ауылдық жерлерде қаламен салыстырғанда бір жарым есе көп екені анықталды. Партияның өз жұмысында дәл осы электоратқа ден қоятынынескергенде, бұл айырмашылық қисынды.

Respublica және «Ақ жол» партияларының электорат қолдауына қатысты көрсеткіштері шамалас, тиісінше,4,8% және 4,7%. Алайда олардың әлеуетті жақтастарының құрылымында белгілі бір айырмашылықтар байқалады: Respublica-нытаңдағандардың арасында бірінші кезекте қалалық жерде тұратын ер-азаматтар саны басым болса, «Ақ жол» партиясы үшін дауыс беруге ниетті респонденттердің дені – ауылдық жерлерде тұратын ересек жас топтарының өкілдері, оның ішінде ерлер мен әйелдер саны шамалас.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) – 3,3% және Қазақстанның  Халық партиясы (ҚХП) – 3,1% көрсеткіштерімен қатар келеді. Атап өтерлігі, ЖСДП – жақтастарының арасында кәсіптік-техникалық білімі бар респонденттер саны басым бірден-бір партия. ҚХП үшін дауыс берем деушілердің дені – ең жас және ең егдереспонденттер.

«Байтақ» жасылдар партиясы үшін сауалнамаға қатысқандардың 0,8%-ы дауыс беруге дайын екенін айтқан. Партия жақтастарының басым бөлігі егде жастағы ауыл тұрғындары екені анықталды.

Телефон арқылы сауалнама барысында сайлауда дауыс беру кезінде «Барлығына қарсы» нұсқасын респонденттердің 2,2%-ы таңдауға ниетті екендерін айтқан.

Респонденттердің 10,9%-ы әлі нақты таңдау жасамаған немесе жауап беруге дайын емес.

Жалпы зерттеу нәтижелері сайлау науқаны басталған тұста азаматтардың электоралдық таңдаулары қарқынды түрде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Партиялардың ақпараттық және жұмылдыру жұмыстары азаматтардың сайлауға қатысты ұстанымдары мен саяси таңдауларына ықпал ететін маңызды факторлардың біріне айналып отыр.

Қазақстандық қоғамдық даму институты деректерді ОСК-ның 2026 жылғы 8 шілдедегі №ОСК-11-07/1290 жазбаша хабарламасына сәйкес жариялайды.

TuraNews

Back to top button