Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан XIX жазғы Азия ойындарында су спорты түрлерінен сайысқа қатысқан екі спортшы Қазақстан рекордын жаңартты, деп жазады Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Ел құрамасынан Әділбек Мусин 100 метрге еркін әдіспен жүзуден жарысқа қатысты. Финал сатысында ол мәреге жетінші болып жетті. Көрсеткіші — 49.10 секунд.
Осылайша Қазақстан рекордын жаңартты.
Ал Аделаида Пчелинцева 50 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында бақ сынады. Финалда Аделаида мәреге бесінші (31.04) болып жүзіп жетті.
Ол да еліміздің рекордын жаңартуға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, Диана Тасжанова 200 метрге баттерфляй әдісімен суға жүзуден финалдық сатысына жете алған жоқ.
Дүбірлі додада спорттың 8 түрінен: бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис пен жеңіл атлетикадан Париж Олимпиадасына лицензия ойнатылады.