Қазақстандық балуан екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды
Қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали Белградта грек-рим күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда түлегі А.Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.
Бұған дейін 26 жастағы Айдос 2018 жылғы әлем біріншілігінде қола медаль алса, өткен жылы Азия чемпионы атанған еді.
Жартылай финалда қазақстандық балуан қырғызстандық Жоламан Шаршенбековке 0:7 есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде Айдос Сұлтанғали мажарстандық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, ол екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазақстан грек-рим құрамасы (бас бапкері Серік Жұмашев) осы қола медальды қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айдос Сұлтанғалидың әлем чемпионатында қола жүлдеге таласатынын жазған едік.
Фото: Қазақстан күрес федерациясы