Қоғам

Қазақстанда қар көшкінінің алдын алу шаралары күшейтілді

2023-2024 жылдардағы қар көшкіні қаупі бар кезеңнің басынан бастап көлемі 29 мың шаршы метрге тең 27 қар көшкіні тіркелді. ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Жомарт Асқаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы ақпарды хабарлап, мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары жайында айтты.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы массасы 75 мың текше метрді құраған 52 профилактикалық қар көшкіні түсірілді.

«Қауіпті учаскелерде 108 ескерту қалқаны қойылған. Мұнда ақпараттық және ескерту қалқандары қойылып, жерүсті зерттеп-қарау жұмыстары жүргізіледі. Қар көшкінінің өздігінен түсуіне және профилактикалық түсуіне уақытылы ден қою үшін 115 адамнан тұратын 16 құралым және 72 бірлік  техника дайындалды. Жағдай бақылауда», – деді спикер.

Ағымдағы қысқы кезеңде құтқару бөлімшелері 17 іздестіру-құтқару жұмыстарын жүзеге асырды, онда таулы жерлерде саяхаттап жүрген 14 турист табылды, олар үйге қайту бағытын өз бетінше анықтай алмаған. Бүгінгі таңда «Туристік қызмет туралы» Заңға туристер мен туристік топтардың жүру бағыттары туралы аумақтық бөлімшелерді ақпараттандыру бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатыр.

«Баяндама қорытындысында Төтенше жағдайлар министрлігі қыс мезгілінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралардың барлық кешенін орындайтынын атап өткім келеді. Сонымен қатар азаматтарға дауыл туралы ескертулерді назарға алып, ауа-райы нашарлаған кезде ұзақ сапарлар мен таулы жерлерге барудан бас тартуға кеңес беремін», – деді ТЖМ өкілі.

Сондай-ақ Жомарт Асқаров қиын жағдайға тап болған азаматтарға 112 немесе 101 телефондары арқылы хабарласу қажеттілігін ескертті.

Source
Ortcom.kz

TuraNews

Back to top button