Қазақстанда IT қызметі көлемі өсіп келеді
Сектордағы қызметтің 90%-ы Астана мен Алматыға тиесілі
Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша, экономиканың бақыланбайтын секторын қосқанда компьютерлік бағдарламалау, сондай-ақ сектордағы консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер көлемі 476,8 млрд теңге болды. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 56,4% көп көрсеткіш. Бұл туралы Finprom.kz сайтына сілтеме беріп Turanews.kz хабарлайды.
Республика бойынша сектордағы барлық қызметтердің 90,4%-ы тек негізгі мегаполистер: Алматы мен Астанада көрсетілген. Алматыда бұл көрсеткіш 215,4 млрд теңгені құрады, бұл былтырғыдан 28,2% артық. Елордада компьютерлік бағдарламалау, сондай-ақ консультациялық және басқа да ілеспе қызметтер көлемі бір жыл бұрын 108,5 млрд теңге болса, биыл 2 есеге жуық өсіп, 212,1 млрд теңгеге жетті.
Батыс Қазақстан облысы мегаполистерден үлкен алшақтықпен үшінші орында: бір жыл бұрын 1,6 млрд теңге болса, биыл 7,1 млрд теңге.
Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау, Түркістан және Жетісу облыстарында тіркелді.
ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсының мәліметінше, елімізде жоғары оқу орындарының IT факультеттеріндегі студенттер саны артып келеді.