Қазақстанда дрон факультеті ашылады
Мұндай келісімге Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі делегациясының Оңтүстік Кореяға сапары барысында қол жеткізілді.
Делегация мүшелері 3 күн ішінде Корея үкіметінің мүшелерімен, ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздер жүргізіп, Джей және Шинхан университеттерінде болды. Онда олар дәріске қатысып, дрондарды жасау үшін инженерлерді оқыту үдерісімен танысты.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, әзірге Қазақстанда екі университетте ғана дрондар кафедрасы бар. Енді Джей университетінің көмегімен тағы бір факультет ашылмақ. Кореялық профессорлар Қазақстанда дрон саласына қажетті мамандар даярлайтын болады.
“Джей академиясында жоғарғы сынып оқушыларынан бастап нақты өндірісте жұмыс істейтін адамдарға дейін арнайы соларға мамандырылған бағдарламалар бар. Соларды қолдана отырып, мамандарды дайындайтын боламыз. Алдағы уақытта Джей университеті Қазақстанға келіп, біздің университеттерімізді аралап, техникалық университеттерімізді, олардың ішінен өздеріне әріптес тандайтын болады. Нақты технологияларды бізге беруге компетенцияны бізге беруге дайын. ”- деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Азамат Бейісбеков.
Сондай-ақ түркиялық тараптың да дрон технологиясы бойынша Қазақстанға көмектесетіні белгілі болды.