
Еліміздегі кәсіпкерлік қызмет оң динамиканы сақтауда, сондай-ақ сыртқы және ішкі экономикалық өзгерістерге тұрақтылық көрсетуде. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Атап айтқанда, ол өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ескергенде кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жеткенін баяндады. Жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің – қосымша құн салығын төлеушілердің саны 28%-ға өсті. Азаматтардың көлеңкелі экономикадан шығуы үшін жағдайлар жасалды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимінде 981 мың адам тіркелді, олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрды.
«2026 жылғы тоғыз айда 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның ішінде 34,7 мың заңды тұлға және 242,3 мың жеке кәсіпкер. Осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға және 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылды. Бұл ретте жеке кәсіпкерді тіркеуді тоқтату экономикалық қызметтің іс жүзінде тоқтауын білдірмейді. Жабылған 356 мың жеке кәсіпкердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған, ал 20,8%-ы өз қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшкен», — деп атап өтті вице-премьер.



