Қазақстан Пәкістанға $400 мың көлемінде гуманитарлық көмек көрсетеді
ҚазАқпарат — Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі Пәкістан Ислам Республикасына адам өліміне әкеп соққан нөсер жаңбыр мен су тасқыны салдарын жою үшін $400 мың мөлшерінде гуманитарлық көмек көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz ресурсына сілтеме жасап.
Бұл мәселе Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі комиссияның отырысында қаралды.
Ресми мәліметтер бойынша, Пәкістанда табиғи апаттан 1033 адам қаза болды, оның ішінде 343 бала бар, сондай-ақ тұрғын үйлер мен инфрақұрылым қирады.
Шамамен 35 млн адам баспанасыз және азық-түліксіз қалды.
27 тамызда Пәкістан Премьер-Министрі Ш. Шариф халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады.
28 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Президентіне су тасқыны салдарынан адамдардың қаза болуына байланысты көңіл айтты.