СаясатЭкономика

Қазақстан мен Түркия Транскаспий дәлізі арқылы тауар тасымалын арттыруға мүдделі

Қазақстан мен Түркия Транскаспий халықаралық дәлізі арқылы тауар тасымалын арттыруға ниетті. Мұны елімізге ресми сапармен келген Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен кездескеннен кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Қазір әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуал күрделі болып тұрғанын білесіздер. Осы орайда, біз көлік-транзит саласындағы мүмкіндіктерді әрі қарай арттыруға баса назар аудардық. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін толық пайдалану арқылы тасымалды ұлғайту қажет деген байламға келдік. Бұған қоса, транзиттік бағдарлардың диверсификациясы ретінде Қазақстан-Түрікменстан-Иран- Түркия темір жолын түрік тарапы пайдалану мүмкіндігін ортаға салдық», – деді Мұрат Нұртілеу.

Министр атап өткендей, сонымен бірге екі ел әскери және қорғаныс өнеркәсібі салаларында да ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.

«Тағы бір өзекті мәселе – ол әскери және қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бұл бағыттың маңызы өте зор», – деп тоқталды Мұрат Нұртілеу.

Сонымен қатар ведомство басшысы қарашада Түркістан қаласында өтетін Түркі мемлекеттерінің мерейтойлық 10-шы саммитіне қатысу үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған келетінін атап өтті.

TuraNews

Back to top button