Қазақстан мен Өзбекстан журналистері үшін баспасөз туры өтеді
Қазақстан мен Өзбекстан журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізеді және жас мамандарды қолдау мен жалған ақпаратпен бірлесіп күресуге уағдаласты.

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы II Орталық Азия медиафорумында айтты, деп жазады Kazinform агенттігі.
Министр Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы да жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын атап өтті.
− Мәселен, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының біліктілігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды, − деді А. Балаева медиафорумның ашылуында.
Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатымен екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
Қазақстан министрі Орталық Азияның барлық елін осы процеске қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Өзбекстан Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаев Орталық Азия елдерінің ақпарат министрлері тұрақты кездесіп тұратын механизмді нығайту қажеттігін жеткізді.
Айта кетейік, 16-17 сәуір күндері Орталық Азия бойынша медиа саласының мамандары Астанадағы форумда бас қосады. Биылғы форум «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» деп аталады.
Форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр.