Қазақ жастары «Ұлттық домбыра» күніне орай Анкараны күмбірлеген күйге бөледі
ТҮРКСОЙ және Қазақстан Республикасының елшілігі бірлесе жүргізілетін іс-шаралар жалғасуда.
Халықаралық ТҮРКСОЙ түркі мәдениеті ұйымы және Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық домбыра» күні аталып өтті. Студенттердің қатысуымен өткен шара Қызылай алаңында анкаралықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Өнер көрсеткен жастар арасында Айымгүл Бисембаева бастаған Анкарадағы Бейнелеу өнері университетінің студенттері және басқа да жас таланттар қатысты. «Балбырауыннан» басталған кеш соңы «Ауылым» әнімен тәмәмдалды.
Шара соңында сөз сөйлеген Бас хатшылық бөлім меңгерушісі Санжар Мүлазымоғлу ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев атынан Қазақстанды және бүкіл түркі әлемін 1 шілде «Ұлттық домбыра» күнімен құттықтап, көрермендер мен өнерпаздарға алғыс білдірді.
«Домбыра – қазақтың ғана емес, күллі түркі әлемінің музыкалық аспабы. ТҮРКСОЙ және Қазақстан Республикасының елшілігі бірлесе жүргізілетін іс-шаралар әлі де жалғасады деп ойлаймын. Түркі мемлекеттері арасында құрылған алғашқы ынтымақтастық ұйым ТҮРКСОЙ-дың міндеті — түркі әлемінің мәдениеті мен өркениетін насихаттау», — деді Мүлазымоғлу өз сөзінде.