
– Келесі жылы мемлекеттеріміздің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Сапарыңыз осы айтулы меженің дайындығына тың серпін береді және ынтымақтастығымызды нақты нәтижелермен толықтыра түседі. Бельгия Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің қатарына кіреді. Сонымен қатар еліңіз Қазақстан экономикасына қаржы құйған ең ірі он инвестордың бірі саналады. Мұны Қазақстан экономикасының келешегіне деген сенімнің айқын көрінісі деп бағалаймын, – деді Президент.
🔹Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасында көлік-логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын қуат көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салалары бойынша өзара ықпалдастықты кеңейтуге мол мүмкіндік бар екеніне назар аударды.
– Сізбен бірге келген мемлекеттік органдардың, өңірлік билік пен іскер топтардың өкілдеріне, танымал ғалымдар мен журналистерге ілтипат білдіремін. Ертең Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысын өткіземіз. Бұл бастаманың мүмкіндіктерімізді іске асырып, орнықты нәтижеге қол жеткізетін тиімді алаңға айналғаны қуантады. Сондай-ақ Бельгиямен Еуропалық одақ және басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастығымызды жоғары бағалаймыз. Жаһанда тұрақсыздық белең алған кезеңде сенім, құрмет пен өзара түсіністік қағидаттарын арқау еткен іскерлік байланыстардың маңызы арта түседі. Қарым-қатынасымыздың зор әлеуетіне сенемін. Сапар аясындағы уағдаластықтарды толық іске асыруға барынша күш саламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



