БастыСаясатЭкономика
Trending

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Келіссөз барысында Мемлекет басшысы Оман Сұлтанына ілтипат танытып, оның Сұлтан ретінде Орталық Азияға алғаш рет сапармен келгенін атап өтті.

– Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт тезінен өткен әрі сенімді серіктесі санаймыз. Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толуын зор мақтанышпен атап өтеміз. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға жасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы қол жеткізген уағдаластықтар бауырлас халықтарға айтарлықтай пайда әкеліп, стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

– Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид ыстық ықыласпен қарсы алғаны және табысты келіссөз жүргізгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, қазақ-оман ынтымақтастығының жан-жақты дамып келе жатқанын атап өтті.

– Оман Қазақстанмен ықпалдастыққа айрықша мән береді. Соңғы жылдары екі елдің әріптестігі тың серпін алды. Біз мұны құптаймыз. Жоғары деңгейдегі еларалық сапарлар, Бірлескен үкіметаралық комиссия жұмысы ынтымақтастығымызды әлдеқайда нығайта түсуге мүмкіндік береді, – деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың айтуынша, Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика, қаржы қызметтері, туризм, технология және жасанды интеллект секілді көптеген секторда инвестициялық ықпалдастықты жолға қоюға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.

– Біз дербес инвестициялық институттарымыздың, жеке сектор мен арнайы мемлекеттік құрылымдардың мүмкіндіктерін ұштастыратын жобалардың жүзеге асырылуын құптаймыз. Елеулі маңызға ие саланың бірі – көлік байланысы. Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз, – деді Оман Сұлтаны.

Хайсам бен Тариқ Әл Саид Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы кез келген уақытта Оманға сапармен келуге шақырды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы әуе қатынасы туралы келісім;

3. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасындағы бірлескен инвестициялық құрылым (қор) құру туралы келісім;

4. «Самұрық-Қазына» АҚ мен Oman Investment Authority Оман ұлттық инвестициялық қоры арасындағы Blue City Rixos бірлескен жобасы шеңберіндегі негізгі шарттар туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мен Оман Сұлтандығы Қаржы министрлігі арасындағы қаржы саласы бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

6. «Атамекен» ҰКП мен Оман Сұлтандығы Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан-Оман іскерлік кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы келісім;

7. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен OQ Exploration & Production компаниясы арасындағы геологиялық барлау саласы бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;

8. Еуразиялық даму банкі мен Оман Сұлтандығы Үкіметі арасындағы Еуразиялық даму банкінің Оман Сұлтандығында қызмет ету шарттары туралы келісім.

TuraNews

Back to top button