«Құдай қаласа, сәрсенбі күні Анкарада Қазақстан Президенті Тоқаев мырзаны қабылдаймыз», — деді Ердоған.
Ол сондай-ақ Түркия Республикасының 103 жылдығы елде түркі әлемінен келген құрметті қонақтармен бірге атап өтілетінін хабарлады.
Сонымен қатар 30 қазанда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші саммиті өтеді. Саммиттің тақырыбы — «Түркі ғасыры: тілде, ойда және істе бірлік».
«Жұма, 30 қазан күні Анкарада өзіміздің отбасылық кеңесіміз деп санайтын Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитін өткіземіз», — деді Ердоған.
ТМҰ сайтында хабарланғандай, саммитке ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, бақылаушы мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері және ТМҰ Бас хатшысы қатысады. Қатысушылар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ ортақ қызығушылық тудыратын өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылайды.
Күн тәртібінде саяси ынтымақтастық, сауда және инвестициялар, көлік және өзара байланыстылық, энергетика, цифрлық трансформация, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және ТМҰ-ның институционалдық дамуы мәселелері қаралады. Түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтуға және «Түркі әлемінің келешегі — 2040» тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аудару жоспарланып отыр.
Саммит барысында Түркия ТМҰ-ға төрағалықты Әзербайжаннан қабылдап алады. Сондай-ақ ұйымның жаңа Бас хатшысын тағайындау және алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтарын талқылау күтілуде.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Анкара декларациясын және бірқатар басқа шешімдер мен құжаттарды қабылдауды жоспарлап отыр. Саммит қарсаңында, 29 қазанда Анкарада ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 13-ші отырысы өтеді.



