Қандастарға 10 жылдық жеңілдетілген виза беріледі
Қандастарымызға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік беріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.
«Шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану бағытында «Атамекен картасын» енгізу ұсынылады. Ол жоғары деңгейдегі кәсіпқой немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруды ықыласты этникалық қазақтарға берілетін болады. Мұндай азаматтар мерзімі 10 жылға дейін созылатын жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда тұрып, өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік алады», — деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ, министр қандастарды қабылдау тетігі де қайта қаралатынын атап өтті.
«Қандастарды қоныстандыру саясатын елдің демографиялық және экономикалық үрдістерін ескере отырып, оларды құжаттарды қабылдаудың бастапқы кезеңінде қоныстандыру өңірлеріне көшіп-қонуды қосымша ынталандыра отырып түбегейлі реформалау ұсынылады», — деді министр.