Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын.
Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша.
25 қазанда ұлттық мерекеміз – Республика күнін атап өттік. Осы күні Егемендік туралы декларация қабылданды. Біз дербес ел болу жолында батыл қадам жасадық. Көп ұзамай Тәуелсіздік туын биікке көтеріп, елдігіміздің іргесін бекіттік.
Міне, биыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 35 жыл толып жатыр. Бұл тарихи меженің ұлт шежіресінде алатын орны бөлек.
Биыл наурыз айында халқымыз мемлекеттігіміздің негізгі тірегін – Конституциямызды қабылдады. Бұл тұтас еліміз үшін тарихи мән-мағынасы терең оқиға болды.
Конституцияны бірнеше ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім деп атауға болады. Өйткені Конституцияда Қазақстанның қазіргі бітім-болмысы мен болашақтағы бейнесі нақты айқындалды.
Азаматтарымыз жаппай қолдаған Конституция 1 шілдеде заңды күшіне еніп, еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді.
Жұртымыз жарқын болашаққа бастайтын ауқымды жұмысты атқаруға белсенді түрде кірісті.
Ел өміріндегі тарихи өзгерістердің барлығы халықтың көз алдында болып жатыр. Бұл мәселе аса маңызды болса да, көп сөз айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Бүгін мен еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларыммен бөлісемін, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталамын.
Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз.
Жұмысты ойдағыдай орындау үшін, ең алдымен, бүкіл қоғамымыз тату болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа және ілгерілеу болмайтыны айдан анық.
Қазір жаһандық сын-қатерлер әлдеқайда қауіпті сипат алған кезде қоғамымызда талап пен тәртіпке басымдық беруіміз қажет.
Қазіргі таңда әлем елдері арасында ақылға қонымсыз жалған айыптаулар, астыртын текетірестер күшейді, ал алпауыт, ықпалды мемлекеттердің арасында жаппай өзара сенім дағдарысы пайда болды.
Бақылаусыз, жүйесіз көші-қон ағындары әлдеқайда көбейді, бұл бірнеше еуропалық елдің қауіпсіздігіне үлкен зиян келтіргеніне көзіміз жетті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты, оның келешегі қандай болатыны туралы саясаткерлер мен сарапшылар арасында біртұтас пікір жоқ.
Күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатыр десек, артық болмас. Мұндай күрделі, болжамсыз ахуал «қырғи-қабақ соғыс» кезінде де болмаған еді.
Дәл осындай құбылмалы заманға қарамастан, Қазақстан ел дамуының жаңа дәуіріне үлкен сеніммен қадам басып, кең ауқымды саяси реформаны іске асырды. Бұл – дүние жүзінде өте сирек кездесетін құбылыс.
Енді алдағы уақытта да еліміздің егемендігін нығайтуымыз керек. Бұл – қазіргі әлемдегі бұлыңғыр ахуалда ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, өсіп-өркендеу деген сөз.
Осы жолда бүкіл қоғам, соның ішінде отаншыл, белсенді, білімді азаматтар қарқынды еңбек етуі керек. Құрылтай депутаттарына да үмітім зор.
Осындай жағдайда мемлекеттік аппарат пен құқық қорғау мекемелерінің рөлі аса маңызды екені баршаңызға түсінікті.
Басқаша айтқанда, қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.
Еліміз ұдайы қарқынды дамуы үшін ауқымды міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру өте маңызды.
Азаматтарымыз толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуы керек. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Сондықтан басты назарды инфрақұрылым құру ісіне аударамыз.
Бұған дейін де айттым: Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс. Мәселе жекелеген жобаларға қатысты болып отырған жоқ.
Жалпы, барлық аймақта жаппай құрылысты бастап, жандандыру қажет.
Бірінші кезекте, жан-жақты зерттеу және талдау жүргізіп, облыстардың денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт нысандарына деген қажеттілігін егжей-тегжей анықтау жұмысын тез арада толығымен бітіру керек.
Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.
Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.
Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс.
Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.
Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.
Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады.
Осы орайда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар салуға және оны жаңғыртуға ерекше мән береміз. Бұған біздің күшіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Халықаралық валюта қоры ұсынған болжамға сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды.
Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз.
Өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асты. Бұл – ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты.
Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет.
Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.
Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.
Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді.
Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айы ішінде әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет.
Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция.
Бірақ Ұлттық қордың ресурсын жинақтау және оны пайдалану арасында теңгерім сақталуға тиіс. Қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жарату керек.
Ең бастысы, жұмсалған ақшаның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы қажет. Өйткені бөлінетін мемлекет қаражатының негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру.
Тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық жағдайы жақсы және мол тәжірибесі бар жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін тартқан жөн. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады.
Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.
Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады.
Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек.
Бұдан бөлек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекендерге газ және таза ауыз су тартылады.
Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек.
Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет.
Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ.
Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Келесі мәселе. Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет.
Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Біз Қазақстанның барлық аймағын байланыстыратын, яғни, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи, өте дамыған теміржол және көлік жолдарының тұтас желісін құруымыз керек. Бұл – стратегиялық міндет.
Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе.
Сондықтан ендігі кезекте «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек.
Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады.
Негізгі мақсат – еліміздің жолдарының әлеуетін нығайтып, азаматтарымыздың табысын арттыру.
Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған.
Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады.
Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз.
Бұған қоса, еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыдан жедел дамуына қажетті тетіктерді әзірлеу керек.
Қазақстан – минералдар мен шикізатқа бай мемлекет. Бұл – біз үшін стратегиялық жетістік.
Сондықтан геологиялық барлау тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет. Жаңа кен орындарын бұрынғы заманнан қалған әдістермен іздеу оң нәтиже бермейтіні анық. Қазіргі таңда геологияны жоғары технологиялық сала ретінде мойындауымыз керек.
Бізге озық технологиялардың көмегімен еліміздің жер қойнауын толыққанды зерттеп, деректердің ашықтығын және қолжетімді болуын қамтамасыз ету өте маңызды. Жаңа кен орындарын іздеу және барлау үдерісіне жеке қаражатты белсенді тартқан жөн.
Бәріңізге мәлім, қазір айрықша маңызды металдардың рөлі артып келеді. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, бізге де осындай металдардың қорын тиімді басқаратын ұлттық жүйе құру қажет.
Аталған жүйеде тау-кен саласындағы жобаларды ұзақмерзімді қаржыландыруға мүмкіндік беретін нақты тетіктер болуға тиіс.
Елімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындармен оффтейк-келісімшарт жасау арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз еткен жөн.
Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Осы мәселені кәсіпкерлермен бірлесе талқылап, жыл соңына дейін маған нақты ұсыныс енгізу қажет.
Сондай-ақ сарапшылар мен мамандардың пікіріне сүйенсек, ұлттық түрлі-түсті және сирек кездесетін металдардың қорын қалыптастыру қажеттілігі пайда болып жатыр.
Түпкі мақсат – елімізді жаһандық өндіріс тізбегіне қосу. Экспорттық саясатымыз да осы мақсатқа сай жүргізілуі керек.
Үкімет бұл саладағы дамыған елдермен стратегиялық серіктестік орнатуға тиіс.
Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс істеп тұрған жергілікті бизнес нысандарына орынсыз кедергі келтірмеуі керек. Инвесторларды тартқан кезде де осы мәселеге мән беріп, әр аймақты, әр саланы мұқият зерделеген жөн.
Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз.
Мәселен, елімізде металл өндіретін Qarmet деген ірі кәсіпорын бар. Соған қарамастан, тағы үш облыста дәл осындай өндіріс орындарын ашу жоспарланған. Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ.
Мекемеаралық байланысты нығайтпасақ, экономикамыз өз әлеуетін жоғалтып алады. Әрбір аймақ өзінің басымдықтарын айқындап, соған сай жұмыс істеуі керек.
Осы мәселе бойынша Үкіметтің үйлестіру рөлін әлдеқайда күшейту қажет екені анық. Бірақ аймақтар жекелеген салаға немесе кәсіпорынға тәуелді болып қалмауға тиіс. Сондықтан өңірде негізгі саланы дамыта отырып, оның айналасында және ішінде де толыққанды біртұтас жүйе құру маңызды.
Атап айтқанда, білім беру, қолданбалы ғылым, логистика, қызмет көрсету салаларын, сабақтас өндірістерді және технологиялық кәсіпкерлікті дамытқан жөн.
«Халықтық құрылыс» әр аймақта осындай жүйе, яғни қазіргі тілмен айтсақ, экожүйе құруға оң ықпал ететініне сенім бар.
Келесі мәселе. Ауыл шаруашылығының одан әрі қарқынды дамуына барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет.
Былтыр бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жетті.
Жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды.
Дегенмен бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналымдағы қаражатты толықтыру үшін жұмсалып отыр.
Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек.
Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет.
«Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібі саласында жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын әлеуеті зор жобалар тізімін дайындады. Соның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қолжетімді әрі жеңілдетілген шарттармен қаржы бөлу мәселесін созбалаңға салмай, сапалы жобаларды дереу жүзеге асыру керек.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келді.
Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз.
Өткен аптада Астанада іссапармен болған NVIDIA компаниясының басшысы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізетін кез келді деп, өз пікірін айтып кетті.
Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек.
Еліміз осы белесті ойдағыдай еңсеріп алса, әлемдік ауқымдағы азық-түлік тапшылығы, яғни жаһандық ашаршылық туындаған жағдайда Еуразия азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталық болуы әбден ықтимал екеніне күмән жоқ.
Елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан үлкен аумақты алып жатқан жер алқаптары бар. Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді.
Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән берген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар.
Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек.
Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.
Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдайда қаражат та бөлу керек.
Өндіру және өңдеу жұмысымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату жүйесін жетілдірген жөн.
Ірі холдингтерден бастап, шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистика орталықтарының қызметін кедергісіз пайдаланатын мүмкіндік болуға тиіс.
Жалпы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беру керек. Бұл –стратегиялық маңызы бар міндет.
Сондықтан Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі бірігіп, нақты шешімдерді қабылдауы қажет.
Экономиканың негізгі салаларын дамыту үшін өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық берген жөн. Бұл – басты талап.
Әсіресе, ірі инфрақұрылымдық бастамаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын, инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндірген жөн. Мұндай жобалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасының тірегіне айналуы керек деп санаймын.
Ұлттық қор арқылы импортты қаржыландыруға жол беруге болмайды. Бұл – маңызды талап.
Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін озық технологиясы бар, қажетті сараптамалық тәжірибесі және жаһандық нарықтарға шығу мүмкіндігі зор әлемнің жетекші компанияларын, солардың ішінде отандық компанияларды да тартқан жөн.
Инвестицияның тиімділігі жұмыс істей бастаған өндіріс орындарының санымен, сапасымен және оның экономикаға қосқан нақты үлесімен бағалануға тиіс.
Әлемде инвестицияға талас күшейіп келеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін жедел шешімдер қабылдап, жылдам әрекет ету қажет.
Бірақ елімізде инвестор тарту және оларды жан-жақты қолдау жүйесінде бірізділік жоқ.
Әрбір мекеме немесе жеке тұлға ойында не бар болса, соны істей береді. Нәтижесінде кешенді көзқарас тар, үйлесімділік те, сабырлық та, білім де жетіспейді.
Сондықтан инвестиция тарту ісін бір орталықтан басқаруға мүмкіндік беретін тұтас жүйені жетілдіре түсу керек.
Менің ойымша, баяғыдан сөреде жатқан мәселені, яғни инвестициялармен жүйелі түрде айналысатын мекемені анықтау керек.
Себебі қазіргі таңда осы бағытта жүйе жоқ. Бірқатар мемлекеттік мекемеге бірдей құзыреттер берілген. Қазіргі жағдайда бұл тәсілдер заман талабына сай келмейді, әбден ескірген.
Бәлкім, инвестицияға қатысты мәселелермен «Бәйтерек» холдингі белсендірек айналысқаны дұрыс шешім болар.
Ал Экономика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі инвестицияларға байланысты кейбір құзыретін орындауды жалғастырады.
Енді шағын және орта бизнес туралы пікірімді айтқым келеді.
Қазір оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жақындап келе жатыр.
Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады.
Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет деп үнемі айтып жүрміз.
Сонымен қатар Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр.
Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
Қазақстанға орта бизнес өте қажет. Бұл – экономиканың тұрақтылығының кепілі.
Кәсіпкерлерге, әсіресе, шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажет. Кей жағдайда осы талап сақталмайды.
Оған дәлел: қазірдің өзінде өндірушілер, әсіресе азық-түлік саласындағы кәсіпорындар бірқатар қиындыққа тап болуда. Тіпті, әдейі жасалған кедергілер де бар.
Мысалы, импорттық тауарлардың құны қолдан төмендетіліп отыр. Ал отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығу жолы әдейі шектеліп жатады. Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек.
Мұндай ахуал еліміздің компаниялары мен тауарларының бәсекеге қабілетін едәуір әлсіретіп жіберетіні сөзсіз.
Осындай іс-қимылдарға қатаң тосқауыл қоймасақ, экономикамызға зиян болатыны айдан анық. Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз.
Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас.
Сондықтан кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру, яғни нығайту қажет. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге де болады.
Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында біз озық әрі технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет құру ісіне серпін бердік.
Енді бұл жұмысты әрі қарай жүйелі жалғастырып, жасанды интеллектіге негізделген цифрлық экономика құруымыз қажет. Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс.
Бұл – жаңа дәуірдің талаптарына толық сай келетін аса маңызды жалпыұлттық міндет. Болашақтың экономикасын құру үшін таптаурын түсініктер мен ескірген тәсілдерден біржола арылуымыз қажет.
Қоғам дамуының мүлде жаңа негізін қалыптастыруымыз керек. Шын мәнінде, мұны озық технологиялар заманында өскелең ұрпақтың лайықты өмір сүруіне жол ашатын ұзақ мерзімге арналған жалпыұлттық миссия деуге болады.
Цифрлық дәуір қаншалықты күрделі, қиын, тіпті қауіп-қатерге толы болса да, біздің мақсат-мұратымыз өзгермейді.
Бұл – жаңа тұрпатты мемлекет құру, жаңғыру мен жаңару жолынан айнымау.
Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын.
Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек.
Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет.
Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді.
Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді.
Тағы бір маңызды міндет – мемлекеттік басқару ісінің сапасын толықтай жақсарту.
Инфрақұрылымды жаңғырту, жаппай цифрландыру және индустрия саласын дамыту үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Жеке инвестиция да тартылуда.
Осы орайда, мына мәселеге назар аударғым келеді. Ауқымды құрылыс аясындағы жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және бастаманы жүзеге асырудың әр кезеңін жіті бақылау өте маңызды.
Мемлекеттік аппарат осы міндетті кәсіби тұрғыдан мүлтіксіз орындауға дайын болуы керек.
Бұдан бөлек, макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізген жөн.
Соңғы жылдары Үкімет бюджет пен салық жүйесін толығымен қайта қарады.
Бірақ мемлекеттік саясаттың тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың әл-ауқатына, экономикалық белсенділігіне қарап бағаланады.
Сондықтан біз үшін ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту. Ол үшін бірінші кезекте инфляциямен жүйелі түрде күресу қажет.
Бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдеді. Дегенмен инфляция деңгейі әлі де жоғары.
Сондықтан, ең алдымен, Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеуі керек. Инфляцияны тежеп, төмендету қажет. Бұл – аса маңызды міндет.
Үкімет бюджет және салық саясатын барынша байыпты жүргізуі керек. Сондай-ақ экономиканың өндірістік әлеуетін күшейтіп, бизнестің өнімділігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет.
Қаржы нарығын реттеуші мекемелер де өз міндеттерін сапалы әрі тиімді орындауға тиіс.
Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден асты.
Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге жетті.
Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған. Бұл ұлттық теңгенің құндылығы арта түскенін көрсетеді.
Ендігі маңызды міндет – жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға пайдалану.
Осыған орай, Ұлттық банкке баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз етумен қатар, экономиканы дамытуға жол ашатын бастамаларды жүзеге асыруға да атсалысатын кез келді.
Макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мерзімге қамтамасыз етудің тағы бір жолы – бюджет саясатын реттеу.
Былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді.
Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жатқанын ескерген жөн. Сол себепті, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру қажет.
Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс.
Сондай-ақ мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген, автоматтандырылған жүйесін құру қажет.
Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін.
Қазіргі жағдайда инновацияларды табысты енгізіп, экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру ісінде құқық жүйесі айрықша рөл атқарады.
Қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданды.
Кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды.
Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті.
Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Дегенмен қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленді.
Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, соңғы 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді.
Осының бәрін ескере отырып, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын.
Бұл кәсіпкерлердің, инвесторлардың және азаматтардың алаңсыз жұмыс жүргізуі үшін құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн.
Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар.
Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы.
Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде.
Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда.
Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.
Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс.
Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін, соған қатысты ақпараттық жүйелердің қызметін алдын ала мұқият тексерістен өткізу қажет. Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек.
Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз.
Сондықтан біз адам капиталының сапасын жақсартуға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға баса мән беріп отырмыз.
Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
Елімізде халық саны қарқынды өсуде. Сондықтан денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамыту – өте маңызды міндет.
Біз ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде еліміз бойынша сегіз заманауи перинаталды орталық салуды жоспарлап отырмыз.
Бұдан басқа, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтереді.
Аталған жұмысқа бюджет қаражатымен қатар, жеке капиталды кеңінен тартқан жөн.
Қолға алынған мемлекет пен жекеменшік серіктестігі жобаларын сәтті жүзеге асыру қажет. Мұндай серіктестік түрі әлеуметтік инфрақұрылымға салынатын жеке инвестиция көлемін ұлғайтуға көмектеседі.
Ең бастысы, тиісті рәсімдерді негізсіз созбай, шешімдерді тез қабылдау керек.
Сондықтан біз алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту ісіне ерекше мән береміз.
Осы тұрғыдан алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, бұл жүйені қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту маңызды.
Үкіметке келер жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар біз жалақының ең төменгі мөлшерін кезең-кезеңімен көбейте береміз. Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын.
Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Тағы бір өзекті тақырып. Инклюзивті білім беру мәселесіне айрықша назар аударған жөн.
Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар.
Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны арта түсуде.
Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды дамытуға тиіс. Ауқымды құрылысты жүргізу кезінде бұл бағыт назардан тыс қалмауы қажет.
Маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуі керек. Осы жұмысқа «Қазақстан халқына» қоры белсенді атсалысқаны жөн.
Тағы бір мәселе. Қоғамда оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдер көп талқыланып жүр.
Жалпы, әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек.
Іс жүзінде бұл міндет толық орындалмай жатқаны жасырын емес. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.
Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек.
Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет. Соңғы уақытта мектептерде оқушылар ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да аз емес.
Мұндай кезде көбінесе мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес.
Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.
Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет.
Бірақ бұл ауқымды жұмысты мемлекеттік басқару жүйесін реформалау ісінен бастауымыз керек.
Конституция заңды күшіне енген соң еліміздің саяси жүйесі толық жаңғырды. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер алдында тұрған міндеттер де күрделене түсті.
Қазір билік жүйесін дамытудың жаңа стратегиясына сәйкес осы саланы түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отыр.
Бұл үдерісте тұтас мемлекеттік аппараттың және әрбір мемлекеттік қызметшінің жұмыс тиімділігін арттыру маңызды міндет болуға тиіс.
Ең алдымен, Үкіметтен бастап ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі басқару құрылымын қайта қарау қажет.
Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек.
Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге, дербес шешім қабылдауға ынталандыру қажет.
Әрбір мекеме өз өкілеттігімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін нақты білуге тиіс.
Жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттерді, басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою керек.
Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек.
Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жок.
Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс.
Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек.
Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет.
Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс.
Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек.
«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды.
Ал отаншыл болу – заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, ел игілігі үшін табанды еңбек ету деген сөз. Заңға құрметпен қарайтын адам әрқашанда табысты болады.
Мен Қазақстан әрбір азаматтың дамуына жол ашатын, жалпыға бірдей мүмкіндік беретін, бірлігі бекем, Әділетті әрі Өркениетті мемлекет болуын тілеймін.
Аталған мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді салып келемін және алдағы уақытта да солай болады.
Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды.
Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады.
Мен ұлтымыздың көшін алға бастай алатын отаншыл азаматтарға зор үмітпен қараймын.
Бүгін мен елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістерге кеңінен тоқталдым. Жарқын болашағымызды айқындайтын маңызды бастамалар жөнінде айттым.
Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асыруымыз керек. Біз әр азаматтың дамуына, барша жұрттың өркендеуіне жол ашатын берекелі қоғам, Әділетті Қазақстанды міндетті түрде құрамыз.
Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!
Отанымыз – Қазақ елі мәңгі жасасын!



