— Бұл — еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке. Мәдениет халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігін арқау еткенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерей үстем болары айқын. Сіздер осы игі мақсат жолында табанды жұмыс істеп келесіздер. Қоғамымыз бұл еңбекті жоғары бағалайды. Бүгін мен кәсіби мереке күні еліміздегі барша мәдениет және өнер саласы мамандарына шынайы алғысымды білдіремін, — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт екенін баса айтты.
— Біз ерекше дарын иелеріне әрдайым лайықты құрмет көрсетеміз. Жұртымыз «өнердің өрісі кең» деп сіздерді қашанда қадірлеген. Міне, бүгінгі жиын да соның бір көрінісі. Шын мәнінде руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады. Өздеріңізге мәлім, қазір Қазақстанда ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл жай ғана өзгерістер емес. Еліміздің болашағына тікелей қатысы бар, мағынасы ауқымды, терең, кешенді, жүйелі реформалар жасалып жатыр. Мақсатымыз — Отанымызды күшті озық мемлекет ретінде дамыту, сондай-ақ дарынды, отаншыл, жігерлі және көзі ашық, көкірегі ояу жастардың өмір жолын ашып беру, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



