Париж-2024: Олимпиада ойындарында түркі елдері қанша медаль жеңіп алды?
2024 жылы Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында түркі елдерінің спортшылары түрлі спорт түрлері бойынша өз таланттарын көрсетіп, өз елдеріне айтарлықтай абырой әкелді.
Қазақстан қоржынына 7 медаль түсті: 1 алтын, 3 күміс және 3 қола. Ел қоржынындағы жалғыз алтынды 60 келі салмақта дзюдошы Елдос Сметов жеңіп алды. Сондай-ақ, қазақстандықтар үш күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.
Өзбекстан 8 алтын, 2 күміс және 3 қола, барлығы13 медальмен Орта Азиялық елдер арасында көш бастап тұр. Өзбек спортшылары әсіресе бокс пен екпе-жек спорт түрлеріне басымдық танытты.
Қырғызстан құрамасының қоржынында 6 медаль – 2 күміс және 4 қола бар. Ел құрамасына Жоламан Шаршенбеков, Ақжол Махмудов, Үзур Жүзіпбеков және Айсұлу Тыныбекова сынды балуандар қола медаль әкелді. Еркін күрестен Мээрім Жұманазарова, бокстан Мұнарбек Сейітбек ұлы күміс жүлдегер атанды.
Әзербайжан Париж Олимпиадасында 7 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 3 қола күрес пен бокста мықты өнер көрсетіп, елдің жекпе-жек спортындағы мықтылығын паш етті.
Түркия ойындарды 8 медальмен аяқтады: 3 күміс және 5 қола. 10 метрлік пневматикалық тапаншадан аралас ату категориясында жарысып, күміс жүлдеге қол жеткізген Шеввал Илайда Тархан мен Юсуф Дикеч оқ атудан Түркияның команда ретінде Олимпиада тарихындағы алғашқы медалін жеңіп алды. Бокстан әйелдер арасында 54 келі салмақта финалда қытайлық қарсыласы Юан Чангқа есе жіберген Хатиже Акбаш күміс жүлдені жеңіп алды.
Өкінішке орай Парижде Түрікменстан спортшылары ешқандай жүлдеге ілікпеді.
Ал Балқан түбегіндегі түркі елі Мажарстан Париж Олимпиадасында 19 медаль жеңіп алды: 6 алтын, 7 күміс және 6 қола. Мажар спортшылар әсіресе каноэ, жүзу және семсерлесу спортынан ерекше көзге түсті.