Пәкістандық хакерлер қырғызстандықтардың жеке деректерін жариялады
Пәкістандық хакерлер 600 мыңнан астам қырғызстандықтың дербес деректерін жариялаған
22 мамырда «Team Insane Pakistan» хакерлік тобы 18 мамырда Бішкекте шетелдік студенттердің қатысуымен болған түнгі тәртіпсіздіктерге жауап ретінде 600 мыңнан астам қырғызстандықтың дербес деректерін жариялағаны туралы Қырғызстанның әлеуметтік желілері мен БАҚ-та ақпарат тарап жатыр.
Қырғызстанның дербес деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттігі 600 мыңнан астам қырғызстандық салық төлеушінің мәліметтері 2020 жылы жарияланған ашық, қолжетімді деректер екенін және деректердің салық құпиясына жатпайтындығын хабарлап отыр. Осылайша агенттік соңғы уақытта мемлекеттік сайттардан ешқандай ақпараттың шықпағанын мәлім етті.
«Қырғызстан азаматтарының жарияланған 600 мың дербес жазбаларын талдау олардың 2020 жылы мемлекеттік салық қызметінің сервистерінен таратылып кету нәтижесінде жарияланған деректерге ұқсас екенін көрсетті», — деп жауап берді мемлекеттік орган.
Сондай-ақ, Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрлігі елдің мемлекеттік органдарының инфрақұрылымына жасалған хакерлік шабуылдар және азаматтардың жеке деректерін ұрлау туралы таратылған ақпараттың жай-күйіне түсініктеме берді.
«Ведомство тұрақты негізде ақпараттық активтерді әлсіз тұстар мен рұқсатсыз қолжеткізу фактілерін анықтау тұрғысынан сканерлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Қазір министрліктің қарамағындағы мемлекеттік ақпараттық жүйелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Министрлік қызметкерлері Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің киберқауіпсіздікті үйлестіру орталығымен, дербес деректерді қорғау жөніндегі мемлекеттік агенттікпен байланыста және жарияланған дербес ақпарат массивіне зерттеу жүргізеді», — делінген хабарламада.