Өзбекстанда киберспортты ресми түрде спорт түрі ретінде қабылдады
Өзбекстан киберспортты ресми спорт түрі деп таныды. Өзбекстан Президенті «Киберспорт түрлерін одан әрі дамыту және кеңінен танымал ету бойынша қосымша шаралар туралы» тиісті қаулыны қабылдады, деп ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.
Киберспортты дамытудың негізгі бағыттарының бірі — киберспорт бойынша республикалық турнирлерді ұйымдастыру, сондай-ақ беделді халықаралық жарыстарға қатысу.
Осы мақсатта 2023 жылдан бастап жыл сайын «Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинетінің Кубогы», «Жастар кубогы» турнирлері және «Uzbekistan Esports Championship» Өзбекстан чемпионаты өткізіледі.
Кәсіби киберспортшылар мен жаттықтырушыларды, білікті төрешілер мен комментаторларды даярлауға ерекше назар аударылатын болады. Ол үшін Өзбек мемлекеттік дене шынықтыру және спорт университетінде 2023/2024 оқу жылынан бастап «Спорттық қызмет: киберспорт» бакалавриатының білім беру бағыты ашылады.
Спортты дамыту, ақпараттық технологиялар мен коммуникацияларды дамыту министрліктеріне, сондай-ақ Жастар ісі жөніндегі агенттікке спорттың осы түрін дамыту үшін жауапкершілік жүктелді.
Киберспорт — көптеген елдерде танымал бола бастаған әлемде белсенді дамып келе жатқан сала. Халықаралық Олимпиада комитеті 2017 жылдан киберспортты олимпиадалық спорт түрі ретінде тану мәселесін қарауда. Қазақстанда киберспорт 2018 жылы ресми спорт түрі болып танылды.